Тек қазақ тілінде сұхбат беретін танымал дзюдошы қыз қашан тұрмысқа шығатынын айтты
Әбиба Әбужақынова – Дзюдодан әлем чемпионатында қола жүлдені еншілеген тұңғыш қазақ қызы. Қазіргі таңда атағы аспандап, танымалдылығы артқан спортшы қыз жеке өміріне қатысты біраз құпиямен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кез келген сұхбатта тек ана тілінде ғана сөйлейтін Әбиба Әбужақынованы бүгінде желідегі жұрт та, көшедегі халық та жақсы таниды.
"Көшеде көбінесе мені спортшы қыз ретінде танығанымен, бірақ тек қана қазақша сөйлейтін қыз ретінде танып, менімен фотоға түсіп жатады. Себебі мен барлық жерде қазақша сөйлеймін. Ағылшынша, орысша сұрақ қойған журналистерге қазақ тілінде жауап бергенмін. Сол үшін көбісі мені тани бастады", – дейді Әбиба.
Әлемдік аренада атой салған спортшы аруға сырттай ынтығып, ғашықтық сезімін білдіретін сері көп екен. Әсіресе әлеуметтік желіде романтикаға толы хат жолдайтын жігіттер аз емес.
"Қасыма келіп айта алмайды, бірақ жазады. Маған көбінесе WhatsApp, Instagram желісінен жазады. Қайдан тауып алатынын білмеймін, нөмерімді тауып алып хабарласатындар, интернет желісінде жазатындар көп. Көбінесе "мекен-жайың қайда, сыйлық жіберетін едім" дейді, біреулер "сізбен кездесуге бола ма? Жақынырақ танысайын деп едім. Жігітің жоқ екен" дейді. Осылай жеке өміріме қызығып, жазатындар көп. Бірақ мен телефон тұтқасын көтермеймін, сөйлеспеймін", – дейді дзюдошы қыз.
Бүгінде Әбибаның басы бос. Бұл арудың жар таңдауда талабы да қым қатал. Өйткені спортшы қыз болашақ арқасүйер азаматының дзюдошы жігіт болғанын қалайды.
"Болашақ жарым спортшы болса бір-бірімізді түсінеміз деген ойдамын. Ал спортқа қатысы жоқ жігіттермен әңгімеміз бір жерден шықпай, мені түсінбейтін сияқты. Өйткені мен көбінесе жаттығуда боламын ғой. Сондықтан менің жиі хабарласып, сөйлесуге уақытым жоқ. Сол үшін болашақ жарым дзюдошы жігіт болса, мені түсінеді деген ойдамын", – дейді Әбужақынова.
Әбиба бұл сұхбатында бірнеше құпияның бетін ашты. Мәселен, ата-анасымен ренжіскен кезі мен олардың қолдауы, дзюдошы қыздар арасындағы бәсеке мен бақталастық, жас спортшыларға ақыл-кеңес, таяуда Катарда өтетін әлем чемпионатына дайындығы және Париж-2024 олимпиадасына жолдама алғанын хабарлады.
Сондай-ақ көпшіліктің көзайымына айналған танымал дзюдошы қыздың қашан тұрмысқа шығатыны да белгілі болды. Жеке өмірі туралы алғаш рет ашық айтқан Әбиба Әбужақынованың эксклюзивті сұхбатының толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.