"Тек балаларым үшін соңына дейін дәлелдеймін": 1 миллиард жымқырды деп айыпталған Болат Мажағұлов сотта соңғы сөзін айтты
Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырды деп айыпталған Астана мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажагұлов сотта соңғы сөзін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: flickr.com
Болат Мажағұлов өзіне тағылған айыпты толығымен теріске шығарады.
"Бұл бәрі ойдан шығарылған, мүлдем дәлелдер жоқ. Өзімді еш кінәлі сезінбеймін. Тіпті, сотта менің кінәсіздігім толық дәлелденді. Ешқашан сынбадым. Тек балаларым үшін өзімнің шындығымды соңына дейін дәлелдеймін. Барлық айыптау менің қарсыма тек сөздерге негізделген. Сот ісінде менің есепшоттарыма ақша аударылғаны немесе заңсыз байығаным туралы дәлелдер жоқ. Барлық банктік есепшот тексеріліп, заңсыз сатып алынған мүлкім табылған жоқ", – деді Мажағұлов соңғы сөзінде.
Сот үкімі бүгін сағат 15:00-де жарияланады.
Еске салайық, прокуратура бұрынғы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Болат Мажағұловты қамауға алу туралы ақпарат өткен жылдың қыркүйек айының басында шықты. Кейін оны қаржы мониторингі агенттігі растады. Агенттік мәліметінше, экс-басшы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 2016 жылы Астана қаласының туған күнін тойлауға арналған "Күн" фонтанының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілмей, келісімшарттар жасалғаны хабарланған. Сонымен қатар фонтан жобалық-сметалық құжаттама мен мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.