Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді ешкімге кіндік шеше болмаймын деп шештім"

кіндік шеше болмаймын деген қазақстандық әйел

Фото: Ru.freepik.com

Достарымның баласына кіндік шеше боламын деп, бөтен әйелдің еркелігін көтеріп, айтқанын істеп жүре беріппін. Босанған келіншектің сүті шықпаса, өкіл шешенің өз қолымен жасаған тамағын ішуі керек дегенді алғаш естуім. Көңілінен шығу үшін асты-үстіне түскенімнің қайтарымын былай қойғанда, қуанышымызға да ортақтасқан жоқ. Осылай деген Азима Сатыбалдиева Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғасын баяндады.

“Перзентханадан шығарғанда көрпеше алмай, қатты ұялдым”

2021 жылдың қыркүйек айында сәтсіз ЭКО-дан соң күйзелісте жүрген кезім. Жұмыста отырсам күйеуім хабарласып, досының келіншегі босанып,, бізді балаға өкіл әке-шеше болуды ұсынып жатқанын айтты. Мен бірден қарсы болдым. 4 жыл бұрын бір досының ұлына да кіндік әке-шеше болғанбыз. Жалпы бұл нәрсе маған ұнамайды. Шымкентте ондай жоқ, сол себепті мен үшін бұл таңсық дүние. Ұнатпайтынымның бір себебі, өзімде бала жоқ, ешқашан ана болып көрмегенмін. Біреудің баласын қалай балам деймін? Онда да жыл бойы хабарсыз кетіп, бізді тек баланың туған күнінде іздейді. Мүмкін, бізге жұғысты болсын деген ниетпен ұсынған болар, кім білсін?! Күйеуім қиылып сұраған соң, келісімімді бердім. Балаға сыйлықтар алу керек болғандықтан перзентханадан қашан шығатынын сұрадым. Сөйтсем ертесі күні шығады екен. Өзі жұмыстан кешкі 18:00-де шығамын. Өкіл шеше болған соң баланы орап шығатын көрпешесі, жуындыратын леген, керек дүниелерін сатып алуым керек. Оларда сондай бар екен. Ертең алайын десем олар қаладан 2 сағаттық жердегі ауылда тұрады. Үлгермейтін болған соң тек балалар киімін ала салдым. Қалғанын ақшалай беремін деп ойладым. Ертеңінде ерте шығып, ауылға бардық. Бірде келіншектің қайын сіңлісі баланы перзентханадан шығару үшін баланың көрпешесін іздеді. Менде киімнен басқа ештеңе жоқ, қатты ұялдым. Сөйтіп жолдасымды ертіп ауылдың базарына бардым. Онда таңдау да, баланың көрпешесі де жоқ, жамылатын көрпе ала салдым. Сонда перзентханадан шығарып алдық. Көрімдігін беріп, үйге қайттық. 

“Сүтім шықпады, өз қолыңмен тамақ жасап, салып жібер деді”

Бір күні жұмыста отырсам, жаңағы келіншек жазды. “Күйеуім Алматыға тойға кетіп еді. Күйеуімнен маған тамақ жасап беріп жібересің бе? Сүтім шықпай жатыр. Енем “кіндік шешесі өз қолымен тамақ жасап берсе сүтің шығады” деп айтты. Саған айтпайын дегенмін, енем айт деген соң енемнен ұялдым” деп жазып жіберіпті. Шынымды айтсам, бұл келіншекпен бұрын араласқан емеспін. Бұл шамамен 33-34 жасында босанып отырған үшінші баласы. Өзі менен 6 жас үлкен. Мен жұмыста екенімді, одан шығып қосымша жұмысқа баратынымды айттым. Біреудің баласын балабақшадан алып кетіп, анасы жұмыстан келгенше қараймын. “Саған ақша салып жіберейін, қалаған тамағыңды алып же” деп ұсындым. Ол болса “Олай болмайды екен, өзің жасау керексің. Күйеуің үйде болса айт, жасап жіберсін. Тойханаға апарып берсе, күйеуім алып келеді” деді. Жағдайымды айтсам, түсінбейді. Күйеуіме кез келген тамақ жасап берші деп өтініп ем, ол көлігін жөндап жатыр екен. Ана келіншекке жалынып жүріп, әрең түсіндірдім. “Жарайды, дәмханадан манты алып, күйеуіме беріп жебере сал” деді. Сөйтіп сол күні жүйкем тозып, қырсыққанда кептеліс болып, баланы балабақшадан алып үлгермей қалдым. Анасы өзі алып кетті. Автобустан түсе сала тоқтамай жыладым. Қатты ренжідім, екі жұмыс, бір жағынан мына әйел тамақ сұрап қоймады. Сол кезде ЭКО-дан кейін бір ай ғана болған. Күйеуіме хабарласып, жыладым. “Сен кінәлісің, біреудің баласы неге маған міндет болуы керек? Шаршадым, ажырасамын” дедім. Сөйтіп бар өшімді күйеуімнен алдым. Содан не керек, дәмханадан манты алып, тойханаға апарып, күйеуінен беріп жібердік. 

“Сыйлыққа алтын деп, бижутерия тақты”

Құтылдым-ау деп жүргенде, баланы қырқынан шығарып, мейрамханада атап өтетін болыпты. Бесік арба сұратты. Бесік арбасын, киімін апарып бердік. Кіндік шеше болудың жөн-жоралғысын білмеймін. Сөйтсем кіндік шеше болғаным үшін маған олар алтын тағуы керек екен. Қолыма алтыннан комплект ұстатты. Ақ, сары аралас екенін көргенде жәй ғана бижутерия екенін білдім. Сөмкеме сала салдым. Күйеуіме тойда жүретін жейде берді. Басқалар маған алтын тақты деп ойлады. Ол үйде тұрып қарайып кетті. Мейлі, мен оның ешқандай дүниесіне қызыққан емеспін. Сөйтіп той да бітті. Жаңа жыл жақындағанда “Қалайсың? Жаңа жылды не істейсіңдер? Кіндік балаңды үйге шақырсаңшы. Бірге атап өтейік” деді. Біз үйді жаңадан салып, кірген едік. Өзім қонақ күтуге ерінбеймін. Жаңа жылға соларды және тағы бір отбасылық досымызды шақырдым. Дастархан жасаудың өзі қымбатқа шыққан соң кіндік балама тек киім сыйладым. Өздері құр қол келді. Тым болмаса, күйеуі ішетін ішімдігін де ала келмеген. Сөйтіп ол да өтті.

“Баласы үшін шашылып, күйеуіммен ұрысқанымыз сонша ажыраса жаздадық”

Бір күні маркетплейстен тауарға тапсырыс беріпті. Каргосы менің үйім жақта екен. Маған соны алып, ауылдың таксиіне салып жіберші деп өтініш айтты. Өзім қалада жұмыс істеймін, үйім Кемертоғанда. Таксиге салу үшін саяхатқа баруым керек. Екі мекенжайдың арасы тым қашық, кептелісті де ойлай беріңіз. Сөйтіп жұмыстан үйге кешкі 9-да жететінімді, салып жіберемін дегенше түн болатын айтып, ренжімеуін өтіндім. “Жол түскенде өзің аларсың” дедім. Ол бой бермеді. “Сенбі күні сал, күйеуіңе айт, салып жіберсін” дейді. Ақыры бұғаттап тастадым. Күйеуіме өкпемді айттым. “Шаршатты, пайдакүнем. Үйіне бір шақырмады, жөні түзу сыйлық та бермеді. Баласы үшін шашылып, екеуіміз ұрысқанымыз сонша ажыраса жаздадық. Болды, араласпаймыз” дедім. Кейін ашуым басылған соң бұғаттан қайта шығардым. Бірақ расымен, араласпай кеттік. 

“Көптен күткен сәбиімізге “құтты болсын” айтқан жоқ”

8 жылдан кейін күйеуім екеуіміз сәби сүйдік. Желіге жазып, сүйінші сұрадым. Бірақ жүкітілігімді жасырдым. Әлгі достарымыз бізді құттықтаған да жоқ. Баламның тұсау кесер тойын жасаймыз, бірақ оларды шақырмаймыз, олардың да тойына да бармаймыз дедім. Бізге деген ниеті түзу болса, 8 жыл күткен баламыз дүниеге келгенде бір ауыз құттықтап, жазып жіберер еді. Осыдан кейін ешкімге кіндік шеше болмаймын деп шештім.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 17:19
Талқылау