Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тбилисиде Саакашвилидің жақтастары митингке шықты

Тбилисидің орталық алаңында Грузияның бұрынғы басшысы Михаил Саакашвилидің жақтастары митинг өткізді. Митингті Саакашвили құрған "Біртұтас ұлттық қозғалыс" оппозициялық партиясы ұйымдастырған және мыңдаған адам қатысқан. Сахнаға қойылған мониторлар арқылы украиналық "Батькивщина" партиясының көшбасшысы Юлия Тимошенко, Жоғарғы рада "Халық қызметшісі" фракциясының басшысы Давид Арахамии және журналист Дмитрий Гордонның сөздері қосылған. Олар қолдау көрсетіп, саясаткерді бостандыққа шығаруды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап.

Митинг

Акция қатысушыларын Саакашвилиді қолдау мақсатында түсірілген видеоны қосып және қол шапалақтап қарсы алған. Митинг тыныш өтті. Сахнаға саясаткердің қолдаушылары шығып өз ойларын білдірген. 

Кейінірек "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясының өкілі Ник Мелия акцияның аяқталғанын хабарлады. 

"Біз дәл осы жерде 30 қазанда жиналамыз. Біздің қалай әрекет ететініміз "Грузия арманына" (басқарушы партия) байланысты болмақ", – деді Ник Мелия.

Саясаткердің айтуынша, келесі митингте қатысушылар саны көбейе түседі. 

"Бүгін "Бостандық" алаңы мен Руставели даңғылы толды. Сондықтан біз моральдық тұрғыдан жеңіске жеттік. Ал саяси жеңісті бірнеше күннен соң тойлайтын боламыз. Билік бізді басып кіреді деп күтіп отыр. Алайда ешкім мұндай нәрсені жоспарламаған. 30 қазанда біз елімізді  босатамыз және Саакашвили еркіндікке шығады. Біз қазір жанжалсыз тарап, 30 қазанда қайта жиналуымыз керек", – деп аяқтады ол. 

Грузияда 30 қазан күні сайлаудың екінші кезеңі өтеді. 20 қала мен аудандар мэрі сайланады. Барлық жерде күрес "Ұлттық қозғалыс" пен "Грузия арманы" партия кандидаттарының арасында жүрмек. 

Айта кетейік, Украинада тұрып жатқан Саакашвили Тбилисиде 1 қазанда тұтқындалған. Оны Рустави қаласындағы түрмеге ауыстырған болатын. 

Оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде банкир Сандро Гиргвлианидің өлімі мен депутат Валерий Гелашвилидің соққыға жығуға қатысты істер де бар. Бірінші жағдай бойынша Саакашвилиді 3 жылға, екінші жағдай бойынша 6 жылға сырттай соттаған. 

Сонымен қатар Михаил Саакашвилиді 2007 жылы 7 қарашада өткен митингті күшпен таратты, "Имеди" телекомпаниясын бұзу және бюджет қаржысын жұмсау істеріне де қатысы бар деп айыптаған. 

Назархан Уән
Жұма, 15 Қазан, 2021 07:47
Талқылау