Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәжірибесі жоқ жастар да компанияның бір бөлшегіне айнала алады - Jusan Bank-тің HR директоры

Алматыда Kazakhstan HR-forum 2022 форумы нәтижесінде The Best HRD номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Форумға қазақстандық және шетелдік компаниялардың 300-ден аса жетекшілері мен HR-директорлары қатысты. Бұл форумда Jusan Bank HR департаментінің директоры Анна Тимофеева биыл екінші рет жеңімпаз атанды. Тәжірибелі маманмен қаржы институтында кадрлық қызмет қалай жүргізіледі, түйіндемені дұрыс жазудың жолы мен әңгімелесуден қалай өту керектігі жөнінде сөйлестік.

- Анна ханым, HR саласына қалай келгеніңізді айтып беріңізші. Неліктен бұл саланы таңдадыңыз? Жалпы HR директорының жұмысы неден тұрады?

- HR саласында жүргеніме 27 жыл болыпты. Бұл салаға келуіме сәттілік серік болған сияқты. Қайта құру кезеңінде өзімді көрсетуге мүмкіндік туды. Бұл менің ерте кезден туындаған махаббатым. Шынымды айтсам, осы бағытта жұмыс істейтініме бір сәт өкінген емеспін.

Ал HR директорының басты қызметіне келсек, бұл, ең алдымен - өз командаңды құру. HR директор қанша жерден мықты болмасын, өз қалаған нәтижелеріне командасыз жете алмайды. Сондықтан, ең біріншіден, өз ойыңдағы, талаптар бойынша сәйкес келетін адамдар тобын жинайсың. 

Осы ретте біздің банк туралы айтар болсақ, департаментіміз бес толыққанды талдау орталығы бағытында жұмыс істейді. Біріншісі - есеп пен кадрлық кеңсе жұмыстарының үлкен блогы, екінші үлкен блок – бұл мотивация. Үшінші үлкен блок – рекрутингтің дамуын бағалау. Төртіншісі – оқыту процестері, бесіншісі – ұжымдық мәдениет пен ішкі коммуникацияны дамыту. Аталған әрбір бағыт бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Менің фунционалым, барлық операциялық процестерді басқарудан бөлек, банк қызметкерлерін дамыту бойынша стратегиялық жоспарлар дайындау, әртүрлі бағыттағы жобалар әзірлеу. 

- Жақында WOW!HR KAZAKHSTAN 2022 қызметкерлерді басқару бойынша Халықаралық бизнес премиясында алған марапатыңыз құтты болсын! Сіздердің жобаларыңыз неліктен бәсекелестер арасында үздік болды деп ойлайсыз?

- Біз Be Cool номинациясы бойынша қатысып,  IT School Jusan Bank жобасын таныстырдық. Бұл бойынша жастарға қатысты бағдарламаларды дамытуға бағытталған жобалар қарастырылды. Біздің жобаның үздік атануының себебі, біріншіден, ол уақытылы жасалған. Нарық үшін бұл шын мәнінде таңғаларлық жоба. 

Екіншіден, жоба сұранысқа ие, қарапайым халық үшін ыңғайлы, осы арқылы көп адамды оқыттық. Бұл жерде айта кету керек, тек қана IT бағыттар бойынша оқытқан жоқпыз, банкке қажетті дағдылар үйретілді. Мысалы, банк мақсаттарына қажетті Java-ға үйреттік.

Банктің IT бөлімшелерінің өкілдері оқыту жобаларын дайындау процесіне қатысқан. 

Оқу процесі аясында тәлімгерлер бөлімшелер тарапынан ұсынылған кейстерді талдап, үйренді. Кейбірі бөлімшелерде қазір дәл сол кейстер бойынша жұмыстарын жүргізіп жатыр. Cондай-ақ, біз түлектердің бәрін жұмыспен қамту мүмкіндігін ұсындық. 

- Сіз сондай-ақ The Best HRD 2022 номинациясында беделді марапатқа ие болдыңыз. Үміткерлерді таңдау қандай критерийлер бойынша жүргізілді? 

- Бұл премия 2017 жылдан бері жүргілізіп келеді, HR директорларының жыл сайынғы форумы аясында беріледі. Номинация аясында жыл сайын бес түрлі үздік HR жетекшілер таңдалады. Аталған премияны екінші рет жеңіп алып отырмын, бірінші рет 2018 жылы алсам, екіншісін  биыл иелендім.

Шарт бойынша, қатысуға өтініш беру керек және оған кез келген HR маман бұл номинацияға ниетін білдіре алады. Өзің туралы, тәжірибең жайлы айтып беруің шарт. Одан бөлек, соңғы жылы қандай қызықты жобалар жасағаныңды да атап өтесің. Мақтан тұтатын, ауыз толтырып айта алатын жобаңды таныстыруың қажет.

Мұнымен қатар HR директорының нарықтағы белсенділігі, шараларға қатысуы, жұмыс ұсынып отырған компанияның бренді, яғни оның нарықтағы танымалдығы, қызметкерлерді дамыту деңгейі, ұжымдық мәдениеті қарастырылады. Жиырмадан аса қатысушы ішінде бес адам марапатталды. 

- Jusan Bank-тегі мансап жайлы әңгіме өрбітсек. Банкке жұмысқа орналасу үшін қандай талаптар қойылады? Еңбек тәжірибесі жоқ бола тұра, үміткер банкке жұмысқа тұра ала ма?

- Бұл сұраққа бірнеше сөзбен жауап беру қиын. Себебі Jusan Bank – бұл өте үлкен құрылым. Бұл – универсалды, бағыттары көп банк. Кассирлер мен бөлшек сауда тұтынушыларымен жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талаптар бір модель десек, ал IT мамандар мен тәуекелдерді басқару мамандарына басқа талаптар қойылады.

Жалпы талаптардың ішінде ең алдымен  кәсіби тәжірибесінің болуына мән беріледі. Сонымен қатар банкке қатысты бағыттар бойынша сараптаманы білуі, компанияның құндылықтары мен ішкі ұжымдық мәдениетіне сәйкес келуі керек. Әңгімелесу барысында қандай да бір кандидаттың  аталмыш позицияға, компанияның ішкі құндылықтарына, мәдениетіне сәйкес келетін-келмейтінін қарастырады.  

Тәжірибесі жоқ жастар да компанияның бір бөлшегіне айнала алады, тек белгілі бір бағыт, сала бойынша сәйкес келуі қажет. Мәселен, ІТ мектебіміздің түлектерінде ешқандай жұмыс өтілі болмаған, ал кейбірінде банк қызметінен басқа салада тәжірибесі болған. Олардың ішінде 41 жастағы түлек болды. Ол өмір бойы жиһаз жасаумен айналысып келген, өзінің цехы болған. Екінші бір түлегіміздің жасы 20-да, заң саласында қызмет етіп жүрген. Өзінің бағытын түбегейлі өзгерткісі келген екен. Яғни, бізде жұмыс өтілі болмай келген қызметкерлер бар. Бұл жерде олардың hard skills-тарына мән бердік те, компаниядағы тәлімгерлердің қол ұшын созып, қолдайтындарына сендік.

Дегенмен үміткерде банктің қызметі туралы түсініктің болғаны абзал. Сонымен қатар, соңғы қызмет еткен жұмыс орнынан кері байланыс орнатамыз. 

- Jusan Bank-тің миссиясы мен ұжымдық құндылықтары қандай?

- Құндылықтарға келетін болсақ, барлық өнімдер мен процестердегі технологияға басымдық, бизнесте ашық болу, әр адамға бейімделген шешімдердің жаппай қамтылуы. Біздің басты миссиямыз – инновация мен еңбек жағдайларын жақсарту шешімдерін енгізу арқылы тұтынушылар бен қызметкерлердің, жалпы қоғамның өмір сүру деңгейін көтеру. 

- Банк қызметкерлерінің өзін-өзі жетілдіруге қандай мүмкіндіктері бар? Jusan Bank-те жұмыс істеудің артықшылықтары қандай?

- Жалпы маманның белгілі бір компанияда жұмысқа тұруға қалауына бірнеше маңызды факторлар әсер етеді. Көпшілігінің айтары - жалақы мөлшері. Жұмыс орнын таңдауға әсер ететін 5 фактордың тек бірі ғана жалақы мәселесі болар. Ең алдымен адамдарға тұлғалық даму маңызды. Ол белгілі бір қызықты жобалар, амбициялық тапсырмалар болуы мүмкін. Сонымен бірге жұмыс берушінің бренді, ауқымы, ел арасында танымалдығы да шешім қабылдауға әсер етеді. 

Jusan Bank қазір тек банк қана емес, үлкен экожүйе. Қазіргі таңда қаржылық салада ғана емес, әртүрлі ESG жобалар, талантты адамдарды демеуші ретінде қолдау жобалары тұрғысында да  белсенді. Қазір жаңадан келіп жатқан жастар бізде әлеуметтік сала бойынша қандай қызықты жобалар бар екенін сұрайды. Біз дәл осы әлеуметтік салалар арқылы Jusan Bank брендін дамытқымыз келеді. 

Сонымен қатар, жаңадан келген жастар үшін тәлімгерлер жұмыс істейді. Яғни, жұмыс өтілінсіз келген жастар үшін мансаптық тұрғыда дамуға мүмкіндік бар. Жалақы тұрғысында да бәсекеге қабілетті болу үшін мотивация жүйесі қарастырылған. Сәтті жобаларымыз ішінде IT мектеп біз үшін нарықта беделімізді көтеруге әсер етті. Тіпті қызметкерлерден тыс азаматтар арасынан IT мектеп бар екендігін естіп таңғалып, жұмыс істеуге құлқысы бар екенін ашық айтып жататындар бар. 

- HR маманы үшін қандай түйіндеме сәтті және қызық болып саналады? Түйіндемені дайындаған кезде нені ескеру керек?

- Кейде адамдар түйіндемеде лауазымның міндеттерінде жазулы тұрған қабілеттерді қайтадан тізіп қояды. Бұл - олардың қателігі. Түйіндеме арқылы адам өзін жақсы жағынан көрсетіп, бір жағынан “сатады”. Өкінішке қарай, көп жағдайда үміткерлердің қолынан бұл келмей жатады. 

Түйіндеме - жұмыс берушімен танысудың бірінші кезеңі. Лауазымда көзделген міндеттерді көшірудің қажеті жоқ. HR маманға жұмыс функционалының сипаттамасы қажет емес. Оларға жетістіктер, іске асқан жобалар туралы білген қызық. 

Соңғы уақытта түйіндеме қалай ұсынылып жүргені де маңызды бола түсті. Дизайнының ерекшелігі, стандартты емес форматта болуы да маңызды болып отыр. Сондай-ақ, үміткердің кәсіби дамуының бірізділігі мен жүйелігіне мән береміз. 

- Әңгімелесуден сәтті өтудің жолы қандай? Нақты ережелер бар ма?

- Түйіндемені жазған кезде ондағы мәліметтер шынайы болуы керек. Қазір әңгімелесуден қалай өту керектігін үйрететін арнайы курстар бар. Ондайда көбіне үміткерлер өз-өздерін  HR маман ұнататындай  ұстайды. Адамның әңгімелесуде не айту керектігіне дайындалғаны, үйренгені бірден білінеді. Бір жағынан бұл әр уақытта пайдалы бола бермейді. Ең дұрысы, шынайы болу. Өз тәжірибең негізінде қандай жетістіктерге жеткеніңді айтып, нақты мысалдар келтіру, қарым-қатынаста ашық болсаң, кіммен сөйлесіп тұрғаныңды түсіну, яғни рекрутер ма әлде бөлімшенің жетекшісімен бе. Яғни біріншіден, өз-өзіңе сенімді болу, екіншіден, негізгі қабілеттерің мен жетістіктерің жайлы нақты айта алу. 

Әрине, бәрібір HR маман үшін үміткердің бет-бейнесі мен киімінің сай болуы да маңызды. Кейде үміткерлердің ұсқыны таңертең төсектен тұрып, келе салғандай әсер қалдырады. Сонымен бірге, этикет пен тәрбие талаптарын ұстануы. Қалада кептеліс көп екенін түсінеміз, бірақ кейде үміткерлер жарты сағатқа кешігіп жатады, ол үшін кешірім де сұрамайды. Бұл - HR маман үшін жақсы белгі емес. 

 

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр