"Ұрпақтар келісімшарты" бағдарламасы: Тәжірибесі жоқ қазақстандық жастар жұмысқа қалай орналаса алады?
Жұмысқа орналасу кезіндегі қиындықтармен ЖОО және басқа да білім беру ұйымдарының түлектері жиі бетпе-бет келетіні жасырын емес. Жұмыс берушілер жас мамандарға қарағанда еңбек нарығында бәсекеге төтеп бере алатын тәжірибелі жұмысшыларды жалдауды жөн көреді. Ешбір жерде қызмет етпеген жастардан тәжірибе, еңбек өтілі талап етіледі. Мұндайда не істемек керек? Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа тұра алмай қиналған жастарға енді жаңа мүмкіндік пайда болды. Қазақстандық жастар енді "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына қатысып, өз мамандықтары бойынша еңбек өтілін жинақтап, ресми жұмысқа орналаса алады. Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады және оның шарттары қандай? Stan.kz тілшісі анықтады.
Халыққа қызмет көрсету орталығы
Қазақстанда жұмыс тәжірибесі болмаса да жұмысқа орналасуға бірқатар мемлекеттік бағдарламалар көмек бола алады. Мұндай жобалар туралы біреу білсе, біреу білмес.
Қазіргі уақытта елімізде “Дипломмен ауылға”, “Жастар практикасы” сияқты бағдарламалар жүргізілуде. Осындай бастамаларға сұраныс өскендіктен енді жыл сайын мемлекет жұмыспен қамтуға бағытталған жаңа бағдарламалар ұсынуда. Оның бірі – 2021 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан “Ұрпақтар келісімшарты” бағдарламасы.
Кім қатыса алады?
2021, 2022 жылдары диплом алған жасы-29-ға дейінгі жоғары оқу орындарының және арнайы орта оқу орны түлектері бағдарлама қатысушысы бола алады. Жоба ұзақтығы 6 айға созылады. Ал еңбек келісімшарты он сегіз айға жасалады. Алғашқы 6 ай бойы қатысушыны мемлекет субсидиялайды.
Бағдарламада ұсынылатын жалақы салықтар мен әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, 30 АЕК көлемінде. Яғни әрбір қатысушыға 91 890 теңге. Жыл басынан бері "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы бойынша 44 адам жұмысқа орналастырылыпты.
"Ұрпақтар келісімшарты" бағдарламасының шарттары
ХҚКО Уақытша жұмыс орындары бөлімінің маманы Индира Умекова бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан соң жетінші айдан бастап жұмыс беруші қызметкерді тұрақты жұмысқа алуға міндеттелетінін айтады.
Оқу орындарының түлектері үшін "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жобалары бойынша жұмыс орындары Ұлттық классификатор аясындағы өз мамандығы мен оған ұқсас мамандықтар тобына жататын кәсіп бойынша жұмысқа орналастырылады.
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасына қатысуға ниет білдірген үміткер өтінішке міндетті түрде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуын растайтын құжатты қоса береді.
Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 6 айдан аз уақыт қалған тәлімгер бекітіледі.
“Бағдарлама былтырдан бері Қазақстанның барлық өңірінде жүргізіледі. 2021 жылы Алматы қаласы бойынша екі адамды орналастырсақ, биыл 2022 жылға 59 адамды орналастыру жоспарда бар. Қазіргі уақытта “Ұрпақтар келісімшарты” бойынша 44 адам жіберілді”, – дейді Индира Умекова.
Қазіргі уақытта бұл бағдарлама бойынша жұмыс орналасу кезіндегі ең сұранысқа ие маманықтар тігінші мен техник бағдарламаушылар екен. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны Зарина Құсайынова – техник бағдарламаушы. Бағдарламаға қатысушыдан жұмысқа орналасу реті мен жоба артықшылықтары туралы сұрадық.
Семей қаласының тумасы Зарина Құсайынова Алматы қаласына 2018 жылы оқуға түскен. 21 жастағы ару Алматы мемлекетік политехникалық колледжді аяқтаған соң жұмыс іздеуге кіріскен. Сөзінше, кез келген енді оқу бітірген түлек сияқты ол да жұмыс таба алмай қиналған.
Зарина Құсайынова, жеке архивтен
Содан соң бағдарлама туралы естіп, бірден бұл туралы көбірек сұрастыруға кірісіпті. Осылайша бағдарламаушы мамандығы бойынша “Ана тілегі” қоғамдық қорына жұмысқа орналасқан.
Студент кезінде, білім ордасын бітірген соң көп компания жұмысқа ала алмайтынын айтып, шығарып салатын дейді қыз.
“Көп жұмыс орнына қабылданбадым. Тәжірибең жетпейді, еңбек өтілің жоқ дегендей айтатын”, – деп есіне алады ол.
Зарина бұл мүмкіндікті сәтті пайдаландым деп есептейді. Қазіргі уақытта орталықта шартта көрсетілген 91 мың теңге жалақы алады екен. Жұмыс кестесі таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін.
“Жұмыс беруші жұмысқа аларда міндетті түрде еңбек өтілін сұрайды ғой. Тәжірибеден өтіп жүрген кезде осындай бағдарлама жүріп жатқаны туралы естідім. Зейнетақы жүреді, тәжірибе жинап алуға қолайлы мүмкіндік. Тіпті жанымдағы таныстарым да осы бағдарлама арқасында жұмыспен қамтылды, – дейді ол.
Заринадан аталған бағдарламаға қалай қатысқанын сұрадық.
“Тұрғылықты мекенжай бойынша Жұмыспен қамту орталығына барған соң жұмыссыз болып тіркелдім. Содан соң үш күн аралығында Enbek.kz порталы арқылы жұмыс берушілерге түйіндеме тастадым. Бірнеше күннен кейін жұмыс шықты”, – дейді ол.
Ол орталықта әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек берумен айналысады.
“База арқылы жұмыс істейміз. Алматыдағы көп балалы аналар, жалғызбасты аналар, толық емес отбасылар, яғни осы үш бағытта көмек беруге атсалысу жұмыстағы міндетім. Аналардың мәліметтерін, балалары туралы ақпараттарды енгізу, сауалнама жүргіземіз”, – дейді ол.
Зарина бұған дейін де ұқсас мемлекеттік бағдарлама “Жастар практикасынан” да тәжірибе жинаған.
“Алғашқы алты айдан соң менің ары қарай осы компанияда жұмысым ұнаса, басшылық та қолдап ары қарай жұмысқа алады. Жақсы жұмыс, қолайлы, ары қарай жұмыс істеп көргім келеді”, – дейді ол.
Алматылық ару бағдарламаның артықшылықтары туралы ойын да айтып өтті.
“Жұмыссыз жастарға еңбек өтілін жинау үшін ғана емес, оларды жұмыс істеудің қыр-сырын үйрену үшін тиімді. Яғни адамдармен қарым-қатынас, өз-өзіңді ұстауды студенттер көп біле бермейді. Болашақта осы IT саласында өзімді дамытқым келеді. Жоғары оқу орнына түсіп, білімімді кеңейтсем деймін”, – деп қосты ол.