Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана мектептерінде "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында "Эко күн" фестивалі өтті

Елорда мектептерінде "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында Астана қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен "Эко күн" фестивалі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

"Эко күн" фестивалі барлық білім беру ұйымдарында бір мезгілде басталды. Аталған шарада оқушылар экологиялық комикстер, экоұйқастар, экологиялық фотосурет, экологиялық үгіт-насихат бригадалары, экологиялық ән, табиғат және қиял, экомода бағытында бақ сынады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар арқылы балалардың шығармашылығы, қиялы мен өнері дамиды. Экологиялық дүниетанымы кеңейіп, қоршаған ортаны қорғау туралы көзқарастары қалыптасады.

Сонымен қатар фестивальға қатысушылар өз өнерлерін сурет салу, ән айту, қиялын бейнелеу, сөз өнері арқылы көрсетіп, экологиялық мәдениетін қалыптастырады.

Мәселен, осы шара аясында №72 мектеп-лицейінде “Экология және экоәлем” тақырыбында туристік эко-слет өткізілді. Аталған шараға Алматы ауданындағы мектептердің арасынан 6 мектеп қатысқан. Олар: 72, 22, 93, 21, 13, 83 мектептер.

Мектеп командаларының әрқайсында 6 оқушыдан қатысты.Олар 10-13 жастағы 5-6 сынып оқушылары.

Эко-слет екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде – теория, екінші бөлімде – практика түрінде. Теория бөлімінде оқушылар экологиялық бағыттағы білімдерін ортаға салса, практика бөлімінде – әртүрлі кедергілерден өту секілді туристік бағыттағы тапсырмалар орындайды.

“Біздің мектебімізде экологиялық бағыттағы әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Эко-конкурстар, қалдықтарды сұрыптау, мектепті көгалдандыру,  ‘Жасыл ел”сияқты шаралар жыл сайын өткізіліп отырады. Сонымен қатар сәуір-мамыр айларында “Отбасыңмен ағаш ек” атты шара өткіздік. Аталған акция аясында оқушылар өздері тұратын аумақта ағаш отырғызды”, – дейді 72 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Копбаева. 

Ал бүгінгі шара барысында оқушылар құстарға жем салу жұмысын орындады. Фестиваль тапсырмаларын мектептегі өзін-өзі басқару ұйымы мен олардың штабтары дайындаған.

Жарыс қорытындысы бойынша – бас жүлдені 72 мектеп-лицей алды.

1 орын - 13 орта мектеп, 2 орын - 21 орта мектеп,  3 орын – 22 мектеп-гимназия иеленген. Ал, 93 және 83 мектеп-лицейлері арнайы мақтау қағаздарымен марапатталды.

Талқылау