Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандылық кәсіпкер тай азаматшасына әлімжеттік көрсетіп, еңбекақысын төлемей қойған

1 жыл бұрын Қарағанды қаласындағы танымал спа орталығына жұмысқа орналасқан тай азаматшасы Супхани Понпхут  көмекке мұқтаж. Бір жыл өткеннен кейін оған жұмыс беруші әлімжеттік көрсетіп, заңсыз жұмыстан шығарып жіберген. Бастығы онымен қоймай, соққыға жығып, жалақысын бермей қойған. Бұл туралы Stan.kz  Еуразия арнасының “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Қарағанды қаласының қақ төрінде орналасқан тай спа орталығы  жергілікті тұрғындарға жақсы таныс. Себебі мұнда Тайландтан келген нағыз тай қыздары қызмет көрсетеді. Тай қызының бір сағаттық массажы 15 мың теңгеден басталады. Кәсіпорынмен арада тиісті еңбек-шарты жасалмаған қыздар мұнда таңғы оннан түнгі онға дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

"Маған көмектесіңіздерші. Бастығым ұрып-соғып жалақымды бермеді", - деген Тайланд корольдігінің азаматшасы Супхани Понпхут өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген. 

Бір жыл бұрын Қазақстанға нәпақа табу үшін келген ол қарағандылық Жәнібек есімді жігітпен көңіл жарастырған. Уақыт өте келе Жәнібек сүйіктісінің жұмысқа құлша жегілетінін байқаған. Біраз уақыттан соң спа салон басшысы қызды себепсіз жұмыстан шығарып, жалақысын төлемей қойған. 

Еңбекақысын ала алмаған Супхани еліміздегі Тайланд елшілігіне жүгінгенінде, мұны біліп қойған бастығы шетел азаматшасын жазаламақшы болған. Супханидың тұрып жатқан пәтеріне барып, оны соққыға жығып, ақшасы мен ұялы телефонын, төлқұжатын тартып алған. 

Тығырыққа тірелген тай қызының тағдыры үшін алаңдаулы Жәнібек Ақылбеков құзырлы органдардың ешқандай шара қолданбай отырғанын айтады. 

"Оның кәмелетке толмаған екі баласы бар. Жалғызбасты ана. Ол отбасын, балаларын тастап, Қазақстанға еңбек етуге келді. Енді осындай жағдайға тап болып отыр. Бұл өте өкінішті", - дейді Жәнібек Ақылбеков. 

"Жанжал хамамнан басталды. Келген қонақтарға бөлменің ауа температурасы ұнамады. Олар хамамның салқындығын айтып, басшылыққа шағымданған. Осы себеппен спа слон басшысы Анастасия маған жұмыстан шығасың деді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені бөлменің ауа температурасына мен жауапты емес едім. Мен ол жерде тек массаж жасаймын", - дейді Супхани. 

Хамамдағы ауа температурасы келген қонақтарға ұнамағаны үшін жұмыстан қуылған Супхани ең сорақысы бастығы келісілген жалақысын бермей қойғанын айтады. 

Олар жұмыстан шығару себебін айтпаған. Жалақысын толық береміз деп кеңсеге шақырып алып, төленуі тиіс 1000 доллардың орнына 80 мың теңге ғана берген. Бір шикіліктің барын сезген Супхани жаңа паспортының орнына жарамсыз құжатын берген. 

"Жалдамалы пәтерге келіп жүктерімді жинай бастағаным сол еді, қасымдағы қыз Анастасияға хабар берді. Көп ұзамай Анастасия мен оның ұлы үйге баса көктеп кіріп келіп, Алекс қолымды қайырып, қылқындыра бастады. Ал Анастасия мені жерге жығып, тепкінің астына алды. Артынша сөмкемнен жарамды паспортым мен ұялы телефонымды, жалақымды да тартып алып, үйден қуып шықты",-дейді Супхани. 

Сот медициналық сараптамасы Супханиге жеңіл дене жарақаты салынғанын анықтаған. Жәнібек Ақылбеков құқық қорғау органдары мен спа салон басшысы Анастасия өзара келісімге келді деп есептейді.

"Арыз жазу кезінде мен Супханидың қасында болмай қалдым. Ол тіл білмейді, мен кіріп аудармашы болайын дегенімде, өзіміз шешеміз деп мені кіргізбей қойды. Одан кейін оған қылмыскер сияқты өте дөрекі қарады", - дейді Жәнібек Ақылбеков. 

Тай қызының құқығын қорғап құзырлы органдарға арыз жазған Жәнібек Ақылбековты әлдебіреулер кездесуге шақырып, балалары мен әкесінің өміріне қауіп төндіретінін айтып қорқытып,  арызын қайтартып алған.

Супхани қызмет еткен спа орталығы құжат жүзінде Пак деп көрсетілген жеке кәсіпкерге тиесілі екені анықталды.  Артынша массаж бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Анастасия Георгиевна екені белгілі болды. Жеке кәсіпкерлік 2002 жылдың қазан айында тіркелген. Ал салықты тек 2014 жылдан бастап төлей бастаған. 2018 жылы 2 млн 389 мың теңге салық төлесе, одан кейін ешқандай ақша аударымы жасалмаған.

"Бізге Ақылбеков Жәнібек деген азаматтың атынан тай елінің азаматшасы Супхани бойынша шағым келіп түсті. Аталған азаматшаның көрсеткен қызметі үшін жалақысын ала алмағаны туралы шағымданды. Алайда біздегі еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақысын ала алмағанын растайтын қосымша негіздемелері болуы керек. Ол кісінің негіздемелері, ақысы төленбегендігі туралы дәлелі болмағандықтан, біз тексеріс жүргізе алмадық. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жалақысының көлемін растайтын еңбек келісім-шарты болуы керек. Өкінішке орай бұл кісіде бірде-бір құжат жоқ",- дейді Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Медеу Ахметов.

Талқылау