Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәулік бойы сырғанауға дайын": 10 жастағы өскемендік спортшы әуеде бес рет айналып, рекорд жаңартуды армандайды

Өскемендік мәнерлеп сырғанаушы қазір жаңа жоспар құрып, соған жетемін деп тынбай еңбектеніп келеді. Он жастағы Жаһангер Әбілқасымовтың есімін қазір республикалық деңгейдегі мамандар жиі айтып жүр. Денис Тен атындағы Global Figure Skating академиясында оқып жатқан ол қазірдің өзінде әуеде екі жарым рет айналады. Тіпті Денис Теннің анасы жеткіншекті байқап, қолдауын білдірген. Осы ретте Stan.kz тілшісі спортшымен, оның анасымен әңгіме өрбіткен еді.

Телефонға телміруді қойып, түрлі жаттығуларды көруді жиілетті

Аталған академияда білім аламын деген бастамасын анасы Гүлдана Әбілқасымова бірден қолдаған. Десе де алдымен кейіпкеріміздің үлкен спортқа қалай келгеніне қысқаша тоқталған жөн болар. Жаһангер сегіз жасына дейін ешқандай спорттық үйірмеге қатыспаған. Анасы оқта-текте акробатикаға, таэквондо мен биге беріп көргенімен қызығушылығы байқалмапты. Бір есептен, ұл-қызын спортқа беруді көздегендер көбінесе 6-8 жасында жетелей бастайды. Осылай екі-үш есіктің қақпасы жабылғанда, мәнерлеп сырғанауға аңсары ауған. Жаһангер Әбілқасымовтың мұз айдынына алғаш беттеген кезі – 2020 жыл. 

"Алдымен "коньки теуіп көрші" дедім. Икемі бар екені бірден байқалды. Өзі де ұнатты. Содан уақыт өткен сайын қызығушылығы артып, күнделікті әңгімесінде мәнерлеп сырғанауды аузынан тастамайтын болды", – деді анасы.

Бастапқыда мұзда сырғанап келе жатып, ауада бір жарым рет айналуды үйренді. Осы бір белес бағынған соң, кейіпкеріміз шындап кірісе бастаған. Өзі құралпас балалар күн ұзаққа үйде отырып, телефон-гаджеттерден мультфильмдер көрсе, Жаһангер мұз айдынындағы небір жаттығулар мен жарыстарды тамашалауды жиілетті.

"Осылай кішкентайынан ізденіске түсті. Тіпті күні бойы мәнерлеп сырғанауға бар. Бір нәрсеге осылай қызығуын бұрын көрмеппін. Мәнерлеп сырғанаудағы техникасын аз уақытта дамытып, біршама шынығып үлгерді. Үздіксіз еңбегінің арқасында ауада екі жарым рет айналуды үйреніп, содан бері түрлі жарыстардан жүлдемен қайтып жүрді", – деді Гүлдана Әбілқасымова.

"Денис Тен – менің кумирім"

Жас спортшы алдымен Шығыс Қазақстан облыстық чемпионатында үш рет топ жарып, кейін республикалық додаларды нысана етті. Әуелі 2021 жылы Шымкентте өткен ел чемпионатында қола медаль еншілеп, артынша Алматы, Қостанай, Астана шаһарларын бетке алды. Былтыр республикалық бәсеке туған жері Өскеменде жалауын көтеріп, Жаһангер сол сынды екінші орыннан көрінді.

"Денис Теннің жүріп өткен жолына қараймын да өзіме тау мақсат қоямын. Менің кумирім де сол. Өзім әзірлік жүргізген "Звездный" клубының спортшыларымен 2021 жылы Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық турнирдің жабылу салтанатында өнер көрсеттік", – деді балақай.

Онымен қоса, өскемендік спортшы сол шарада дүйім жұрт алдында жекелей бағдарламада бар әлеуетін паш еткен. Сол берілген мүмкіндікті ойына алса, бойын қуаныш кернеп шыға келеді. Қатты қобалжығаны рас. Бір жағынан үлкен спорттағы мансабы енді қалыптаса бастаған мәнерлеп сырғанаушы үшін бұл үлкен серпіліс.

Денис Тенді үлгі тұтқан кейіпкеріміз өзінің кумирінің жарқын жетістіктерін қайталап, алдағы уақыттары Олимпиада ойындарында ел мерейін асыруды мақсат етіп отыр. Әлемді аралағысы келеді. Анасы Гүлдана Әбілқасымованың сөзінше, Алматыдағы Денис Тен атындағы Global Figure Skating мəнерлеп сырғанау академиясына түскісі келетінін былтыр айтқан. Биік талпынысын көріп, бетін қайтаруға жүрегі дауаламапты.

"Әрбір ана мәпелеп өсірген ұл-қызының бақытты болуына, өмірде барлығына қол жеткізуіне тілекші болып жүреді ғой. "Ойға алған дүниені іске асыру үшін бәріне шыдаймын" деді. Нақты мақсат қойып отырғанын көріп келісімімді бердім. Көп ұзамай академияға түсуге құжаттарды дайындай бастадық. Оқуға қабылданған соң жалғыз жібергім келмей, мен де көшіп баратын болдым", – деді анасы.

Жаттығудың жаңа түрін ойлап тапқысы келеді

Жаһангер үйдің екіншісі. Одан бөлек, бір ұл, екі қыз бар. Гүлдана Әбілқасымова жалғызбасты ана. Оңтүстік астанаға нақты көшетіні белгілі болған соң екі қызын ата-апасының қолына қалдырып, ұлдарымен Алматыны бетке алды.

"Ұлым өткен жылдың кыркүйегінен академияда оқып жатыр. Пәтер жалдап тұрамыз. Академия маңындағы жанармай бекетінде кассир болып жұмысқа орналасып, жат қаланың тұрмысына үйренісе бастадық. Шығыс Қазақстандағы "Казцинк" ЖШС қаржылай қолдау көрсетуде. Баламның болашағына сенім білдіріп отырғандары ерекше қуантты", – деді спортшының анасы.

Жас мәнерлеп сырғанаушы ақпан айының 21-і күні Алматыда өткен Қазақстан Республикасының кубогінде тұғырдың ең биігіне жайғасты. Денис Теннің анасы Оксана Тен өскемендік спортшының ертелі-кеш сол жаққа атбасын бұратынын сезгенін айтыпты. Өзіне барып "Сені бұрыннан бақылап жүрміз" деп қолдауын білдірген.
Анасының айтуынша, қазір Жаһангердің жүзінде күлкі үйіріліп тұрады. Себебі сәт сайын арманына жақындап келеді. 

"Мұзда орындалатын небір күрделі жаттығулар бар. Мен соның жаңа түрін ойлап тауып, мәнерлеп сырғанау тарихына есімімді алтын әріппен жазсам деймін. Бүгінде ауада 3,5 рет айналуды үйреніп жатырмын. Біршама қиын. 4,5 рет айналса әлемдік рекорд жаңарады. Менің мақсатым ауада 5 жарым рет айналып, рекордқа өзгеріс енгізу", – деді спортшы.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ 
 

Талқылау