Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәуелсіз кәсіподаққа кіруге жол бермей отыр": Маңғыстау облысында жұмысшылар басшылықтың құқықтарын бұзғанын мәлімдеді

"МаңғыстауМұнайГаз" компаниясына сервистік қызмет көрсететін "МобилСервисГрупп" серіктестігінің 250-ден аса қызметкері өз құқықтарын қорғауға басшылық кедергі келтірді деп шағымданады. Жұмысшылар қызметтегі еңбек дауларынан кейін және компанияда бұрын-соңды кәсіподақ болмағандықтан тәуелсіз кәсіподаққа мүше болғысы келген. Алайда мамыр айынан бері серіктестік кәсіподаққа жұмысшылардың өз жалақысынан 1% қаражатты аудармай келетінін айтты. Ал "МобилСервисГрупп" басшылығы жарнаны оңды-солды аудармас бұрын кәсіподақтың қызметі толық заңды екеніне көз жеткізу мақсатында жан-жақты тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

жұмысшылар

"МаңғыстауМұнайГаз" компаниясына сервистік қызмет көрсететін "МобилСервисГрупп" серіктестігінің жұмысшылары қызмет бабында әртүрлі еңбек дауына тап болған соң кәсіподаққа мүше болуды шешкен. Олар қанша жыл жұмыс істегенімен, қолдарына жалақы есебінің түбіртегін алып көрмегенін айтады. Сондықтан серіктестіктің 260-тай жұмысшысы мамырда "Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласы компаниялары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына" кіруге өтініш беріпті. Алайда осы күнге дейін жалақымыздың 1% аударуға басшымыз кедергі жасап отыр дейді жиналғандар.

“Кәсіподаққа айлығымыздың 1% жарнасын аудармай отыр. Себепсізден себепсіз кез келген жұмысшының жұмыстан шығарғанда біздің құқығымызды қорғайтын кәсіподақ жоқ. Тәуелсіз кәсіподаққа кіруге құқылымыз”, – деді жұмысшылардың бірі Нұрлан Боранбаев. 

“Кәсіподақтық жарнасы аударылған жоқ, енді мүше болғаннан кейін жұмысшылар өздерінің қызмет бабындағы мәселелерін көтергісі келеді. Заң бойынша Қазақстанның кез келген азаматы кәсіподаққа мүше болуға, мүше болмауға, кіруге, шығуға өз құқығы бар”, – деп қосты кәсіподақ өкілі Бегеніш Жұмабаев. 

Жиналған азаматтар компания басшылығы неліктен жарнаны төлемегенін түсіндірмейді деп отыр. Ал Қаражанбас, Қаламқас кен орындарында сервистік қызмет көрсететін компания басшысы түрлі сылтаумен сұхбат беруден бас тартқан. Ал жазбаша жолдаған жауаптарында әуелі жұмысшылар жарна аударғысы келген кәсіподақ басшысын жан-жақты тексеріп алмақшы екендерін мәлімдеген.

“Серіктестік уәкілетті органдарға кәсіподақ басшысы А.Б.Бекбосыновқа қатысты қылмыстық істің расталуы немесе болмауы туралы хат жолдады. Компания 1% жарнаны аударудан бас тартпайды және уәкілетті органдардан жауап алғаннан кейін "Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласы компаниялары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағымен" ынтымақтастыққа дайын”, – деді "Мобил Сервис Групп" ЖШС директоры Сержан Сарин. 

Алайда құзырлы органдар қазіргі уақытта Бекбосыновқа қатысты тергеу жүріп жатқаны туралы ақпарат ұсынбаған.
Осылайша серіктестік басшысы қызметкерлеріне еңбек жағдайын жасауға барынша тырысатынын және  кәсіподақтарға кіруіне кедергі келтірмейтінін айтып отыр. 

Назархан Уән
Жұма, 15 Шілде, 2022 08:41
Талқылау