Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәуелділік қаупі – мүлдем төмен": Сәтқалиев Қазақстан бірінші АЭС-тің жалғыз иесі болатынын мәлімдеді

Фото: АО "ФНБ "Самрук-Қазына"

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірінші АЭС-тің жалғыз иесі болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстан АЭС-тің иесі ғана емес, оның операторы. Сондай-ақ уран шикізатын өндіруші әрі станциядағы барлық технологиялық процестердің толық иесі.

“Конкурстық іріктеудің негізгі шарттарының бірі – станцияның тәуелсіз әрі тиімді жұмысын қазақстандық мамандардың есебінен қамтамасыз ету. Осы мақсатта кадр даярлау жүйесі, өндірістік-техникалық база құрылып, құрылыс жұмыстарының барлық кезеңдерінде барынша отандық үлесті арттыру көзделген. Біз бұл жобаның Қазақстан экономикасына ауқымды инвестиция екенін жақсы түсінеміз. Атом технологиялары бойынша Ресейге тәуелділік қаупі – мүлдем төмен, дерлік жоқ. Бұл шарттардың барлығы келісімшартта нақты бекітілген", – деді Сәтқалиев.



Сондай-ақ ол шетелдік серіктестермен ынтымақтастық формуласы қарапайым екенін түсіндірді.

“"Келді, салды, оқытты және кетті". Сонымен қатар Қазақстанда жылу бөлгіш жинақтар өндірісі жолға қойылады. Қазақстанда уранның мол қоры бар және отын таблеткаларын өзі шығарады. Бұдан бөлек, еліміздің канадалық компаниялардан уранды конверсиялауға арналған лицензиялары бар. Сондай-ақ Ресей және Қытай серіктестерімен бірлесіп жұмыс істейді”, – дейді Сәтқалиев. 

Агенттік төрағасының айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру атом кластерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

"Бұл жобаны іске асыру арқылы шикізатты өндіруден бастап дайын ядролық отынды шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын, толыққанды әрі дербес жұмыс істей алатын атом кластерін құруға мүмкіндік туады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келеді және атом станцияларын салу мен уран өнеркәсібін дамытудағы басты міндеттердің бірі", – деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін  Атом энергиясы жөніндегі агенттік Қазақстанда бірінші Атом электр станциясын “Росатом” салатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Қазақстанда екінші АЭС-ті қытайлық компания салатыны анықталған. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 14 Маусым, 2025 19:33
Талқылау