Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәуелді боп үйіңде отырғанда, Тәуелсіздік қадірін түсіндің бе: Белгілі ақын коронавирус жайлы өлең жазды

Белгілі ақын, бірнеше ән мәтінінің автор Олжас Отар елді жайлаған ауруға қатысты өлең жазды. Ақын елді алаңдатқан оқиғаны өлеңіне арқау етіп, елді сабырға шақырды. 

Ақын өлеңі халықты қолдап қана қоймай, еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадірін білуге үндейді. Алладан жәрдем сұрап, дұға етуді жөн дейді. 

Сыналатын кезі бұл төзімнің де,
Қамын ойла, өзгенің, өзіңнің де.
Еріксізден үйіңде отырғанда,
Еркіндіктің қадірін сезіндің бе?
Бос уақытты енді осы пайдаңа асыр,
Кешке дейін құр ұйықтап, көзіңді ілме!

Қауқарсызын көргенде күшіңнің де,
Қамын ойла, үлкеннің кішіңнің де.
Тәуелді боп үйіңде отырғанда,
Тәуелсіздік қадірін түсіндің бе?
Құрығынан әлемді кезген дерттің,
Құтылмайды тығылып кісі үңгірге!

Бұл күніңнің қадірін білші бүгін,
Тоқтағандай тынымсыз тіршілігің.
Қауіп пенен қатерден сақтау үшін,
Иманыңның көктеткін бір шыбығын,
Бір Аллаға қол жайып, дұға қылсақ,
Қорған болар тоқтаусыз құлшылығың!

Адастырмай пендені арман-үміт,
Атар сонда арайлы таң да күліп.
Құлшылықпен тіршілік жалғасады,
Күмәнсіз сен, көңілге алма күдік.
Бүкіл әлем болсын деп тыныштықта,
Жаратқаннан сұрайық жалбарынып!

Талқылау