"Тау-тасты кезіп аш жүрдік": ШҚО-да орман өртімен күрескен құтқарушылар азықсыз қалған
Сәуір айының соңында Шығыста екі бірдей ауданда өрт шықты. Қызыл жалын желмен бірге үдеп, елдің үрейін алды. "Құлынжон" мемлекеттік табиғи қорығында және Ұлан ауданының Асубұлақ орман шаруашылығындағы ірі өрт бірнеше күннен кейін өшірілді. Ал тілсіз жаумен күрескен құтқарушылар қажетті азық-түлікпен де қамтамасыз етілмегендерін жеткізіп отыр. Мәселенің мән-жайын Stan.kz тілшісі анықтады.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпарат бойынша мемлекеттік табиғи қорығындағы от 100 гектар аумақты шарпыған. Өртті ауыздықтауға құтқарушылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен орманшылар тартылды. Барлығы 50 адам мен 9 техника жұмылдырылған.
Бұдан бөлек, Ұлан ауданындағы Асубұлақ орман шаруашылығында да өрт шыққан. Жалпы ауданы 50 гектарға жеткен қызыл жалынды өшіруге 149 адам мен 2 тікұшақ тартылды.
“Өрттің шығу себебін тергеу анықтайды. Әзірге бірдеңе айтуға ерте. Қарағайлы орман найзағай жасынынан да, даладағы шөпті өртеу барысында да тұтанып кетуі мүмкін. Алайда ормандағы құраған шөпті ешкім өртеген жоқ болатын. Топшылауымызша өрт адами фактор салдарынан туындаса керек. Табиғат аясында демалушылар қарасы көбейді. Оның үстіне күн де ыстық болды, екпінді жел де болды. Ұшқын, темекі тұқылы орман өртін қаулатып жіберуі мүмкін”, – дейді ШҚО Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Арман Есентаев.
2022 жылы 1284,4 гектар орман алаңы тілсіз жау құрсауында қалыпты. Құтқарушылар биыл өрт саны күрт артқанын атап өтті. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі қарамағындағы орман қорында 36 рет өрт шықса, биыл жаз шықпай жатып он өрт оқиғасы тіркелді. Оның бірі төрт күннен кейін әрең ауыздықтады.
“Асубұлақ орман алқабындағы өртті сөндіруге ТЖД мамандары, әкімдік мен орман шаруашылығы қызметкерлері түгелдей жұмылдырылды. Мамандар 30 сәуірден бастап өрт сөндіру жұмыстарына кіріскен болатын. Сонымен қатар, "Қазәуеорман қорғау" АҚ су жинау құрылғысы бар Ми-8 тікұшағы тартылды, тағы бір осындай Ми-8 тікұшағын "Қазәуеқұтқару" ұсынды. Жалпы жеке құрамның 150 адамы жұмылдырылды: ТЖД қызметкерлері, облыстың алты орман мекемесі, Табиғи ресрустар басқармасының жедел әрекет ету отряды мен Ұлан ауданы әкімдігі қызметкерлері”, – дейді Арман Есентаев.
Одан өзге 29 автокөлік техникасы да осы орман өртін сөндіруге жұмылдырылды. Бұл жерлерде көлікпен жүру ыңғайсыздық тудырғандықтан арқа сөмке асынған, қолдарында өрт сөндіруге арналған шартылдақтары бар жаяу сарбаздарға көп жүк артылған. Оның үстіне қауіпсіздік техникасына сәйкес, өртті тек күндізгі уақытта сөндіруге рұқсат. Өрт ошағы басында түнейтін өрт сөндірушілер таң бозынан іске кіріседі.
Осы орайда айта кетейік, жақында қалалық пабликтердің бірінде осы Ұлан ауданындағы тілсіз жаумен алысуға кеткен өрт сөндірушілер ішер ас таппай қалғаны туралы ақпарат тарады. Аты-жөнін жарияламауды өтінген ер адам Ұлан ауданындағы тау бөктерінде орналасқан орман өртін сөндіріп жүргендеріне үшінші күн болғанын айтқан еді.
“Тау басында жүрген біздің тамағымыз таусылып, азық-түлік жеткізулерін сұрап едік: "арнайы қаптарың бар, ондағы азық үш күнге жетуі керек" деді. Негізі қаптағы тамақ бір күнге ғана жеткілікті. Қаржыландыру жоқ. Тау-тасты кезіп аш жүрдік, ешкімнің бізде шаруасы жоқ”, - дейді есімін жасыруды өтінген өрт сөндіруші.
Мамандар Ұлан ауданы әкімдігінен де азық-түлікпен қамтамасыз етуді сұраған.
“Әкімдік 45 адамға сегіз бөлке нан, 14 қалбырдағы бұқтырылған ет пен 3 келі макарон алып келді.Өрт ортасында жүріп кім тамақ істейді? Ыдыс-аяқ та жоқ. Өрт сөндірушілердің көбі қызметтен кеткісі келеді, іссапар да төленбейді, сыйақы да жоқ. Қазір жастар 110 мың теңге айлық алады, пәтерақы да төленбейді. Бірақ ТЖД басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарды”, – деп қосты ол.
Дегенмен мәселе жайлы құзырлы органдардың айтары басқа. ТЖД өкілдерінің мәліметінше, құтқарушылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
“Бұл туралы айтудың өзі орынсыз деп ойлаймын. Ведомстволық бұйрыққа сәйкес, жеке құрамда автономды жұмыс үшін азық-түлік қоры үш тәулікке жетуі керек. Ал өрт сөндіру орнына жеткен мамандарды ары қарай жергілікті әкімдік азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек болатын. Мен осы қызметте жүрген 28 жыл ішінде ешқашан осындай мәселе туындамапты. Ал Ұлан ауданындағы жағдай бойынша қазіргі таңда тексеріс жүргізіп жатырмыз. Өрт сөндіруге аттанған бірінші топ 30 сәуірден бастап бір жарым тәулік қана болған. Ал 2 мамыр күні екінші топ алмастырды. Азық-түлік пен жылы киім жеткілікті болуы керек болатын”, – дейді ШҚО ТЖД басшысының міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Титов.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
