Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тасқынмен бірге енді топалаң келеді": Мәжіліс депутаты су кеткен соң қаптарды жинамаса экологиялық апат болуы мүмкін деді

Бүгін мәжіліс отырысында депутат Мақсат Толықбай қарғын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілмегенін айтып, тазалық мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот

Ол қауіптің көкесі әлі алда екенін ескертіп, тасқын су талай былықтың бетін ашқанын тілге тиек етті.

Көңілге медет болатыны – халықтың ауызбірлігі ғана. Атыраудағы Миялы деген алақандай ғана ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай тасқынға қарсы бөгет тұрғызып, аядай ғана ауылды аман алып қалды. Іргесінен тамшы өткізбеген ауыл қазір тап-тұйнақтай, тап-таза. Бұл ненің арқасы? Ауызбірліктің арқасы! Ал сауыт-сайманы мен техникасы сақадай сай отырған кейбір облыс орталықтары айдың-күннің аманында тасқынның астында қалды. Бұл нені көрсетеді? Бұл қамсыздықты, салғырттықты, немқұрайлылықты, жауапкершілік пен жанашырлықтың жоқтығын көрсетті”, – дейді ол. 

Оның айтуынша, елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Өйткені қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қап пен пакеттен бөгет тұрғыздық. Полиэтилен қағаздарды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз.

“Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, жаңағы мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін. Қайтпек керек?! Қазір ел бойынша "Таза Қазақстан" тазалық айлығы өтіп жатыр. Бірақ осы шара президент айтқандай; "Әлеуметтік желілердегі әдемі роликтер үшін жасалатын бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің салты болуы шарт" емес пе”, – деп атап өтті мәжіліс депутаты. 

Толықбайдың пікірінше, қоғамдық орындар мен қоршаған ортада тазалық сақтау, жасыл желекті күтіп-баптау – тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. 

“Батыс елдерін айтпай-ақ қояйын, біз мына іргемізде отырған көрші өзбек ағайындардың тазалығына таңдай қағып, таңғаламыз. Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Оған жоғарыдағы Миялы ауыл халқының тірлігі дәлел. Демек, тазалық әрбір азаматтың өзінен, жауапкершілік сезінуінен, тәртіп сақтауынан басталады. Тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысынан бөлек, тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды ластап кете беретін болса, нәтиже болмайды. Мына Алматының іргесінде Алтын Орда деген базар бар. Барсаңыз күл-қоқыс, шаң-тозаң, құрт-құмырысқадан көз сүрінеді. Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма дейсің...Терезені ашып темекіні лақтыра саламыз, түкіре саламыз, стадион, кинотеатрға барсақ та, ішкен-жегеніміз сол жерде қалады. Көкке шықсақ та сол. Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, үйдегі қоқысты сасытып, подьезге шығара салатын надандар бар. Сол үшін сананы өзгертуіміз керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек” – деді ол. 

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс айтты: 

  • Ел үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруы керек.
  • Жергілікті атқарушы органдар өздеріне қарасты аумақтарды абаттандыруды тұрақты жүргізіп, жасыл желек егумен ғана шектелмей, оны күтіп-баптау ісіне де көңіл бөлуге тиіс.
  • Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында "Экологиялық сана" атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде үш сібір жарасы көмілген жерді су басты. Санитарлық дәрігерлер топырақ сынамасын алады. 

Талқылау