Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшаның 70%-ы – мемлекет қаржысы": Тоқаев агроөнеркәсіпке коммерциялық банктердің қаражатын тартуды ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтағанын айтты. Ол диқандарға өзінің зор ризашылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Агробизнес

"2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15%-ға жетуі керек. Бұл – үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес", – деді Тоқаев биылғы жолдауында.

Презиенттің айтуынша, әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. 

"Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар", – деді ел басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін атап өтті. 



"Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70%-ы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажет қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады", – деп түйіндеді президент.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев инвестор тартуға атсалыспаған әкімдер мен министрлерді сынға алды. Президент жолдауда экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керегін ескертті.

Талқылау