Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тәртіп бұзған пәтер жалдаушылар тек сот арқылы шығарыла ма: Министрлік түсіндірді

Фото: freepik.com

Жаңа Конституцияда тұрғын үйді жалдаушыларды тек сот арқылы шығару нормасы қоғамда түрлі пікір туғызуда. Көпшілік оны жалға алушыларға тиімді өзгеріс деп қабылдаса, Әділет министрлігі бұл талаптың шын мәнінде бұрыннан бар екенін және пәтер иелерінің құқығына қауіп төндірмейтінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әділет министрлігі тұрғын үйден соттан тыс шығару тыйымына қатысты түсіндірме жасады. 2026 жылғы 15 наурызда референдумда мақұлданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 28-бабына (2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді) сәйкес:

  1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Тұрғын үйден айыру немесе шығару тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылады. Тұрғын үйге кіру, оны тексеру немесе тінту заңда белгіленген тәртіппен ғана жүргізіледі.
  2. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Заңда көрсетілген мұқтаж азаматтарға тұрғын үй белгіленген нормаларға сәйкес беріледі.

Министрлік атап өткендей, бұл норма шын мәнінде жаңа емес. Себебі мұндай талап 1997 жылы қабылданған "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңда бұрыннан бар. Ол меншік иелері мен жалға алушыларға қатысты өзгерген жоқ.

"Заң пәтер иесіне артықшылық береді. Ол келісімшартта адал емес жалға алушыларды шығару себептерін өзі көрсете алады. Ал заң жалға алушы міндеттерін орындамаған жағдайда, мәжбүрлі түрде шығару үшін сот арқылы қарау механизмін кепілдейді. Сондықтан тараптар жалдау шарттарының талаптарына мұқият қарауы тиіс", – делінген министрлік хабарламасында.

Әділет министрлігі пәтер иесі бұрынғыдай өз мүлкіне толық иелік ету құқығын сақтайтынын, оның ішінде тұрғын үйді босатуды талап ете алатынын атап өтті.

"Егер жалға алушы шарт талаптарын бұзса, жалдау ақысын төлемесе, төлем мерзімін кешіктірсе немесе мүлікке зиян келтірсе, меншік иесі шартты бұзып, тұрғын үйді босатуды талап етуге толық құқылы", – делінген ведомство қорытындысында.



Министрлік пікірінше, жаңа конституциялық норма жалға беруші мен жалға алушы арасындағы қатынасты құқықтық деңгейге көшіреді. Екі тарапқа да келісімшартты ресми түрде жасау тиімді болады. Бұл пәтер иелерінің өз бетінше әрекет етуінен қорғайды.

"Бұл норманың Конституция деңгейінде бекітілуі азаматтарды негізсіз шығарып жіберуден қорғауды күшейтуге бағытталған", – деп түсіндірді министрлік.

Сондықтан негізгі заңда тұрғын үйден шығару тек сот шешімі арқылы ғана жүзеге асатыны нақты бекітілген.

STAN.KZ
Бейсенбі, 02 Сәуір, 2026 14:58