Тарихы мен дәстүрі: «Жарысқазан» дәстүрін жете білесіз бе?
«Бесіксіз үйде береке жоқ» деген қазақ үшін бала – өмірдің қызығы, жалғасы, тіршілігінің діңгегі. Жүректері қатар соғып, шаңырақ құрғаннан бастап екі жастың да, ата-ананың да басты арманы ұрпақ сүю болатыны анық.
Баласынан сүйген немересінен асқан қуаныш, бақытты білмейтін ене келінінің бойына бала біткенін байқағаннан-ақ асты-үстіне түсіп, барынша жағдай жасап, күтуге тырысады. Сәбидің дүниеге келгенін асыға күткен енесі келінін толғақ қыса бастағанда жарысқазан ғұрпын атқарады. Бұл ғұрыптың орындалуында байырғы және бүгінгі заман қоғамы арасында елеулі айырмашылық бар. Ол жөнінде «Асыл мұра» бағдарламасы кеңінен мәлімет берді.
Келінінің бала көтергенін сезген ененің кеудесін қуаныш кернеп, көрші-қолаң, ауыл-аймақ, ет жақындарын жиып, құрсақ тойын жасаған. Құрсақ тойына келген әр әйел шашуын ала келіп, келінге ақ тілектерін жаудырған. Жиылған әйелдер жас келінге түрлі кеңестер беріп, жүктілікті жақсы өткізуге, босануға, ана атануға дайындаған. Араға уақыт сала келіннің ай-күні толып, толғағы басталғанда, енесі Жаратқаннан жәрдем тілеп, ауыл-аймақтағы әйелдерді шақырған. Осы кезде жарысқазан дәстүрі көрініс табады.
«Жарысқазан дегеніміз – аяғы ауыр келіншектің толғағы басталған кезеңде жасалынатын әдет-ғұрып, салт-дәстүр. Толғақ басталғаннан бастап енесі көрші-көлем, жақын-жуық әйелдерді шақырып, толғағы тез болып, бала ертерек туылсын деген ырымменен жарысқазан береді. Яғни қазанға ет салып, жиюлы жүкті шешіп, көрпе-төсектің бәрін жазып, осы тәрізді ырымдар жасаған. Ол келіннің тезірек босануын тілеумен байланысты ғұрып. Жарысқазан ғұрпының әр жерде әрқалай өзіндік дәстүр-салты бар. Кейбір жерлерде қазанға ет салып, көрші-көлемді шақырып, ет піскенше бала ертерек туылсын деген ырыммен көрпе-төсек, тағы басқаны ақтарып, жазады. Ертеректе аяғы ауыр келіншектің етегін бүріп қоятын болған. Бұл бала ертерек, мерзімінен бұрын туып қалмасын деген ырым. Туылған кезде бүрілген етектің де жібін алады. Ғұрыптың мағынасы осы. Жарысқазанда аталған ғұрыптардың барлығы жасалады», – деген этнограф Бибизия Қалшабаева дәстүрдің мән-мағынасы жөнінде кеңінен түсінік берді.
Жарысқазан жасалғанда ешкім асын аяп, іркіп қалмайды. Әр үйде бірнеше жерде қазан асылады. Келіншек босана алмай қиналып, толғақ ұзаққа созылып кетсе, қазан басында жүрген әйелдер қазанға пышақты жанып: «Қара қазан бұрын пісе ме? Қара қатын бұрын туа ма?», – деп дауыстап қояды. Келіншек аман-есен қол-аяғын бауырына алса, ауыл жұрты жиылып, босанған келіннің қалжасынан дәм татады.
«Жарысқазан көптеген түркі халықтарында кездеседі. Мысалы, өзбектер арасында бар. Өзбектер кейде қабырғаға мақта іліп жатады. Ол жарысқазанмен байланысты. Толғақпен бірге қазанды жарыстырады. Өзгелері қарап отырмай, той-думан жасаған. Баланың туылуына өз тілектерін айтып, көңіл көтерісіп отырған. Бұл баланың дүниеге келгенін қарсы алу ғұрпы іспетті», – дейді этнограф.
Жарысқазан – тек қазан асылуы емес. Толғатқан келіншектің белбеуі босатылып, жеңіл босануына бар жағдай жасалады. Үй ішіндегі сандық, абдыралардың ашылып, теңдер шешіледі. Арнай түйрелген қарынның да аузы босайды. Мұнда орындалғанның барлығы – келіннің тез босануына арналған ырымдар.
«Қазіргі кезде жарысқазанның мағынасы өзгерген. Жарысқазан деп дәл толғатқан кезде емес, қазіргі халық ұғымында, әсіресе, Жетісу жерінде келін ертерек босансын деген ниетпен ертерек бере береді. Жарысқазан – ертеден келе жатқан наным. Сол нанымның жалғасын, мағынасын жете түсінбей, алдын ала беріп жатады», – дейді Бибизия Қалшабаева.
Үй ішінде аршамен аластау, күкірт тұтату, айнаның бетін жабу тәрізді орындалатын ырымдар толғағы қысқан келіншекке жын-шайтанның зияны тимесін деген ниетпен жасалған. Оған қоса келіншектің жанынан бала таппаған әйелді жуытпайды. Ал дүниеге сәби келгенде, оны жерден алу құрметі көп баланың анасына, егде жастағы өнегелі әйелге бұйырады. Ол баланың өзін жерден көтеріп алған балаға ұқсап кетеді деген сеніммен байланысты.
«Жүкті әйелге қатысты орындалатын ырымдар өте көп. Мысалы, аяғы ауыр кезеңде түйенің етін жемеу керек. Себебі жүктілік тоғыз ай емес, ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Түйенің етін жеп қойған күннің өзінде, бала ертерек туылсын деген ниетпен келін босануға жақындағанда қайтадан түйенің етін беретін болған. Сонымен қатар арқанды аттауға болмайды – баланың кіндігі мойнына оралып қалуы мүмкін. Түнде судың басына бармауы керек. Судың басында пері, тағы басқалары көп болады. Пері, жын-шайтанның бәрі аяғы ауыр әйелге жақын болады деген түсінік болған. Сондықтан оны жалғыз жібермейді, жалаң бас келіншекті түнде далаға шығармайды. Ал күйеуі іссапармен, басқа жағдаймен жолаушылап кетсе, оның жанында қайын сіңілісі болады. Келінді жалғыз түнетпеген. Осы сынды ырымдар өте көп. Қоянның, тағы басқаның етін жемейді, себебі бала туылғанда аузы қоянжырық болады», – деп түсіндіреді этнограф.
Дүниеге аман-есен сәби келгеннен кейін жарысқазанның арты шілдеханаға ұласады. Ол баланың туылған күнінде не ертесіне жасалады. Өткен ғасырларда шілдехананың жасалу мақсаты да бүгінгіден өзгеше. Ол «шілделік күзету» деп те аталған екен. Жас босанған әйелге жын-шайтан үйірсек болады деп сенген бабаларымыз оны үш түн жалғыз қалдырмаған. Жанына қыз-келіншектер жиналып, түнімен ән-жыр айтып, ойын-сауық құрып, көрер таңды көзбен атырған. Уақыт өте келе ол сәбидің дүниеге келуіне орай жасалатын жастардың ойын-сауық кешіне айналды. Ал дүниеге ұл баланың келуі ерекше қуанышты жағдай болған. Себебі қазақ қоғамында «ұл туғанға – күн туған» деген түсінік қалыптасқан.
«Қазақ ұл баланы ерекше жақсы көрген. Себебі ұл – сол шаңырақтың егесі, мұрагері. Ал қыз баланы жат жұрттық деп білген. Жат жұрттық деп есептегендіктен, қыз баланы қатты сыйлаған. Қыздарды бой жеткенше қазан-ошақ басына жақындатпайды. Әсіресе, жиын кездерде. Себебі күйеуге шыққан кезде өмірі қазан-ошақ қасында өтеді. Қыз кезінде, яғни оң жақта отырған кезде барлық еркелігін көтеріп, жағдайын жасаған. Ер балаларға қатысты дәстүр өте көп. Қазіргі уақытта ұмытылып кеткен қазақ ырымдары баршылық. Мысалы, ашамайға мінгізу. Оған дейін атқарылатын «құйрық-ботқа» сынды неше түрлі ырым бар. Олар қазіргі кезде сақталмаған. Қазір бары – тұсаукесер, сүндет той», – деп түсінік береді этнограф.
Бала дүниеге келгеннен кейін атқарылатын әдет-ғұрып, салт дәстүр көп. Ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсаукесер, атқа мінгізу, сүндет той, тілашар, тоқым қағу сынды салт-дәстүрдің барлығы рет-ретімен орындалып отырған. Аталғандардың әрқайсысы өзіндік мән-мағына ие, маңызы зор. Мысалы, баланың көп құлауын тұсауы кесілмеуімен немесе тұсауые кескен әйелдің епсіздігімен, шабандығымен байланыстырады.
«Тұсаукесер – баланың апұл-тапұл аяғын енді басар кезінде тез жүріп кету үшін жасалатын ғұрып. Тұсау кесетін адамды алдын ала дайындайды. Ол адам ширақ, епті, елге үлгілі, өнегелі адам болуы керек. Ерте кезеңде оның да әр түрлі ерекшеліктері болған. Мысалы, әсіресе, Қырғызстандағы қазақтар арасында балаларды жүгіртіп, кім бірінші алға шығып, бірінші келсе, сол балаға тұсауын кестіреді. Ал қазақта үлгілі, өнегелі, епті, жүрісі ширақ үлкен адамдарға кестіреді», – дейді этнограф Бибизия Қалшабаева.
Ұрпақ тәрбиесі – келешек іргетасын қалау. Он екі мүшесі сау, ақыл-есі толысқан, бойына білім мен өнер тұнған ұл-қыз өсіру еліміздің ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан ұлы мұрасы. Ал бала бойға біткеннен орындалатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қай-қайсы болмасын ұрпақ тәрбиесінде атқарар маңызы зор. Дәстүр-салтымызды сақтау, тұрмысымыздан орын беру салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, елдігімізді бекітуге әрбіріміздің қосқан үлесіміз болары анық. Салтымыздың санада сақталуы – келешегіміздің мөлдір бастауы.