Тарихтағы екінші жағдай: Аргентина тұрғыны АИТВ вирусынан дәрінің көмегінсіз емделген
Аргентина тұрғыны АИТВ вирусынан дәрінің көмегінсіз емделіп шыққан екінші адам болды. Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің иммундық жүйесі вирусты жеңген. "Archives of Internal Medicine" басылымы хабарлағандай, пациенттің миллиардтан астам жасушасына зерттеу жүргізілгеннен кейін инфекция анықталмаған. Мамандар ағзаның вирустан қалай арылғанын анықтау АИТВ-дан емдеудің тиімді жолын табуға көмектесер еді дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлер жасаған қорытынды бойынша кей адамдар бұл вирусқа қарсы төзімділікпен туады. Ал кейбіріне ауру жұқтыруға ген кедергі болады екен. Ал үшіншілері Аргентинаның Эсперанс қаласының тұрғыны секілді вирустан құлан-таза айығып кете алады.
АИТВ вирусын жұқтырғандардың көпшілігі өмір бойы антиретровирустық терапия алуы керек. Егер дәрі ішуді тоқтатса, вирус қайта оянып, денсаулыққа үлкен зиян келтіруі мүмкін.
Соңғы жылдары АИТВ вирусын арнайы медициналық препараттардың көмегінсіз жеңе алатын адамдар жайлы ақпарат тараған.
Мысалы, вирус жұқтырған Лондон қаласының тұрғыны Адам Кастильехоға қатерлі ісікті емдеу кезінде донорлық бағаналық жасуша салған. Отадан кейін науқас АИТВ-ке қарсы дәрілерден бас тартыпты. Себебі ісікке қарсы терапия кезінде вирус жұққан жасушалары толығымен алмастырылғаны анықталды.
Адамға жасуша беріп, донор болған азамат АИТВ вирусына қарсы генмен туғандардың бірі болған. Алайда жаңа жасушаның Кастильехоға қанша уақыт көмектесе алатынын ешкім дөп басып айта алмайды.
Вирустан толық емделу
Эсперанса қаласының тұрғынында 8 жылдан бері АИТВ вирусы байқалмаған. Сонымен қатар Лорин Уилленберг есімді Сан-Франциско тұрығыны да өз иммундық жүйесі арқылы қатерлі дерттен толығымен жазылған көрінеді.
Бұл жағдайлар өзге де науқастарға вирустан толық емделіп шығуға үміт сылайды.
"Вирустан өз бетінше арыла алмайтын жандар үшін толық емделуге мүмкіндік беретін әдістер болуы мүмкін. Қазір вакцинаның көмегімен антиретровирустық терапиядан өтіп жатқан адамдарға иммундық жүйе қалыптастыруға тырысып жатырмыз. Бұл иммундық жүйеге ешқандай дәрінің көмегінсіз вирусты бақылауға алуға көмектеседі", – деп мәлімдеді зерттеу басшысы Сюй Юй.
Оксфорд университетінің профессоры Джон Фрейтер ВВС-ге берген сұхбатында АИТВ инфекциясынан толығымен айығып кеткен адамдар бар деп нық сеніммен айтуға болмайтынын хабарлады.
Әйткенмен оның айтуынша бұл жағдайды зерттеген дәрігерлер науқастың емделіп шыққанын дәлелдеу үшін технологиялардың мүмкіндігі аясында барлығын жасаған.
"Науқас өзі емделе алды ма әлде вирус өздігінен жойылып кетті ме? Сұрақ осында", – дейді профессор Фрейтер.
Лондон патшалық колледжінің профессоры, АИТВ-ке қарсы дәрілер бойынша маман Сара Фидлер аталмыш зерттеудің жаңа иммундық терапияны ойлап табуда айтарлықтай септігін тигізетінін айтты.
Кардифф университеті медицина факультетінің дәрігері Эндрю Фридманның ойынша АИТВ-ге қарсы жасалған дәрілердің тиімділігі өте жоғары. Дегенмен жаңа ем жолдарын іздеу де басты назардан тыс қалып қоймауы керек.