Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тарихқа тағзым ету күні: Наурыз мейрамының төртінші күнін қалай өткіземіз?

Көктеммен бірге келіп, адамзатқа қуаныш сыйлайтын Әз-Наурыздың тарихы тереңде жатыр. Ата-бабаларымыз жаңа жылда өмірді жаңа қарқынмен бастай отырып, өткен тарихты да дәріптеуді ұмытпаған. Дәл осы мереке барлық құндылықтарымыздың басын біріктіретін Тарихқа тағзым ету күнінің мәнін Jusan-мен бірге ашамыз. 

бал бал тас

Қазақ халқы рухани құндылықтарын әркез терең бағалап, Наурыз мейрамында өткен жолын еске алған. Сол арқылы болашаққа қадам жасаған. 

Айтулы мейрамның тарихтағы орны

Ата-бабамыз ежелден Наурыз күнін ұлылықпен атап өткен. Бұл күннің мән-маңызын тасқа қашап, кейінгі ұрпаққа өсиет еткен. Оған мысал ретінде бес мың жыл бұрынғы Алматының солтүстік-батысында 170 шақырым жерде Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглифті атай аламыз. Археолог ғалымдар бұл ескерткішті Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деп атап кеткен. 

Ежелгі шежірелік деректерде, Наурыз мерекесі 127 ғасырдан бері қазақ елінде  Қазығұрт (Қазық жұрт) тауына Нұқ пайғамбардың кемесі келіп тоқтаған күннен бастап тойланып келе жатқаны айтылады. Бұл мерекені қазақтардың "Ұлыстың ұлы күні" деп атайтындарының сыры осыдан болса керек.

Рим тарихшысы Квинт Курций Руфтың еңбегінде сақтардың Наурыз мейрамын тойлауы баяндалған. Мұнда таң атысымен күн бейнелі жалау көтеріп, 365 бозбала қаған ордасының үстіне шыққан. Олардың саны бір жыл ішіндегі тәулікпен бірдей болған. Осы ер азаматтар тойдың шырайын келтірген. 365 жігіт келер жылдағы әрбір күнді алдын ала жақсартуды ырымдап, 365 күй тартқан. Содан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй ойнаған. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен орындалған. 

Махмұт Қашқари түркілердің наурызды тойлауы жөнінде: "Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір біріне ізгі тілектерін айтады",- деп жазған. 

Осыған қарап-ақ, Наурыз мерекесінің тарихы тереңде екенін аңғара аламыз. Одан бөлек мейрам кезінде ата-баба рухына тағзым етіп, жас ұрпаққа жыр шежірелерді айтып берудің өзі өткен тарихты дәріптеудің тағы бір көрінісі.

Тарихи-мәдени салттық ғұрыптар көрсетілу керек

Тарихшы Нұрасыл Икрам тарихты баяндауда алдымен жаңа буынның қызығушылығын арттырған жөн екенін алға тартты.

“Қазақ хандығының өзі бір күнде құрылған жоқ. Оған дейінгі сақтар, ғұндар, қаңлылар болған. Тарихымызды тек тарих сабағында ғана емес, осындай мейрамдарда, тіпті күнделікті өмірде де фильмдер мен бейнекөріністер арқылы дәріптесек деймін. Наурыздың өзі тарихы тереңде жатқан мереке. Сондықтан бұл күні өткенімізге тағзым ету өте қажет құндылық деп ойлаймын”,- деді Нұрасыл Икрам.

Ол Наурыз мейрамы қарсаңында Тарихқа тағзым ету күнінде мұражайларға тегін кіруді ұйымдастырып, жастарды тарихи орындарға апаруды ұсынды.

“Жас ұрпақтың арасында тарихқа деген қызығушылық пен құштарлықты ояту үшін тарихи жанрдағы фильмдер санын арттырсақ деймін. Қазір жас буынға заманауи технологияларды қолдану қызығырақ. Сондықтан мұражайларды виртуалды түрде көрсету керек деп ойлаймын”,- деді ол. 

Өлкеміз – тарихи орындардың отаны

Бүгінде жастардың көзін ашып, тарихты түйсікке салу қолға алынған мәселе. Бұл тұрғыда Нұрасыл Икрам елімізде жастар баруға тиіс тарихи орындардың көп екенін алға тартты.

“Өлкеміз тарихи орындардың отаны десек болады. Тарихи ескерткіштер еліміздің әр аймағында бар. Мысалы 1969-70 жылдары Алматы облысындағы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" ежелгі Қазақстан дәуірін суреттейді. Жерімізде ту тіккен ежелгі сақ тайпасының алтын киімді сақ жауынгерінің үстіндегі 4 мыңға жуық аң стилінде жасалған әшекей бұйымдары барлығы тұнып тұрған тарих. Мұндай Алтын адам тек Қазақ жерінде ғана табылғаны біздің тарихымыздың тереңде жатқанын көрсетеді”,- деді Нұрасыл Икрам.

Осы тұста еліміздегі ірі мұражайлардың тізімін ұсынамыз:

  • ҚР-ның Ұлттық мұражайы, Қазақстанның мемлекеттік мұражайы – Астана қаласында;
  • "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік мұражай-қорығы – Тараз қаласында;
  •  Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығы – Түркістан облысы, Отырар ауданында;
  • Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы – Алматы қаласы;
  • Абайдың "Жидебай-Бөрілі" тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы – Семейде;
  • ҚР алтын және бағалы металдар Мемлекеттік мұрағаты – Астана қаласында;
  • С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалды мұражай кешені – Алматы қаласы;
  • "Ордабасы" мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы – Түркістан облысы, Ордабасы ауданында;
  • "Таңбалы" мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұрағаты – Алматы облысы Жамбыл ауданында;
  • Б. Момышұлының мемориалды мұражайы –  Жамбыл облысы,Жуалы ауданында және т.б.

Jusan еліміздің тарихы мен мәдениетіне де елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте Yeski Taspa жобасы аясында қазақстандық өнерпаздар баршаның есінде сақталған өткен жылдардың әндерін қайта жаңғыртуда. Жобаның бірінші маусымында Әли Оқапов, Ayree, Нұржан Керменбаев, Нұрболат Қанай сынды әншілер ескі әндерді жаңа нақышта орындап, тыңдарманның ықыласына бөленіп үлгерді. Бұл ретте оларға тәжірибелі продюсерлер жәрдемдесті.  

Ал 21 наурызда Jusan және Art Jaq-пен бірге Yeski Taspa жобасының  2-ші маусымын бастамақ. Бұл жолы жобаның форматында өзгеріс бар: жаңа маусымда он әннің бірін әуесқой музыканттардың арасынан таңдалған әнші орындамақ. 

18 наурыз – Игі істер күні. Бұл күннің ерекшелігі мен орындалатын жоралғылар жайлы ертең айтып береміз.

STAN.KZ
Жұма, 17 Наурыз, 2023 09:47