Тариф 200 пайыз көтерілген: Депутат сақтандыру компаниялары сыйақыны негізсіз көтеріп жібергенін мәлімдеді
Фото: freepik.com
Депутат Елнұр Бейсенбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне қатысты қабылдаған қаулысының бірқатар нормасы Конституцияға қайшы келіп, сақтандыру компанияларының мүддесін қорғайды деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған №87 қаулысы елімізде тіркелген 6 миллионға жуық көлік иелеріне тікелей қатысты болса да, сала өкілдерінің қатысуынсыз біржақты қабылданған.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап өңірлер бойынша сақтандыру сыйақысы негізсіз күрт өскен.
“Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда алғашқы сақтандыру тарифі өңірлерде екі есеге өсіп, шамамен 78 мың теңге болса, Астанада бұл баға үш есе өсіп, 112 мың теңгеге жетті. Яғни көлігін жаңадан тіркеген астаналық жүргізуші енді 36 мың емес, 112 мың теңге төлесе, алматылықтар кемі 78 мың теңге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың теңгеге жуық сомаға сақтандыру полисін сатып алады”, – деді Бейсенбаев.
Екіншіден, депутаттың сөзінше, қаулыда сақтандыру коэффициенті бойынша азаматтар арасында теңсіздік туындататын нормаға жол берілген.
Мәселен, Қазақстан азаматы алғаш рет сақтандыру жасаса – А класы (1.8 коэффициент), ал шетелдік азаматқа бірден жоғарғы класс – 13-санат (0.5 коэффициент) қолданылады. Нәтижесінде еліміздің жас жүргізушісі 80 мың теңге төлесе, ал шетелдік азаматқа бірден 50 пайыз жеңілдік беріледі. Айырмашылығы жер мен көктей! Бұл Ата заңымызда бекітілген "заң алдындағы теңдік" принципін өрескел бұзып отыр”, – деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ ол өңірлік дискриминация туындауы мүмкін екенін атап өтті.
“Қаулының 11-тармағында көлік тіркелген аумақтан тыс жерде болған жол-көлік оқиғасы үшін “бонус-малус” класы төмендетілетіні жазылған. Бұл азаматтардың республика аумағында еркін жүріп-тұруы көзделген конституциялық құқығын шектейді. Еліміздің унитарлық басқару принциптеріне қарама-қайшы мұндай қисынсыз норманы тиісті мемлекеттік орган қалай қабылдап отыр?!”, – дейді Бейсенбаев.
Бұдан бөлек мотоцикл, скутер және мопед жүргізушілері автокөлік иелерімен бір санатта қарастырылған. Егер 2023 жылы скутер жүргізушісі 7 мың теңге төлесе, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап ол сома шамамен 50 мың теңгеге дейін өсіп отыр.
“Мұндай жағдай жастар мен курьер ретінде жұмыс істейтін табысы төмен азаматтардың қалтасына едәуір салмақ салатыны айтпаса да түсінікті. Енді скутердің бағасымен шамалас сақтандыру тарифін жас азаматтар мүлдем алмау қаупі туындап отыр. Сонда жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы шешім алты миллион жүргізушінің, яғни біздің сайлаушылардың пікірін есепке алмай қабылданған болып шығады. Бұған қоса, салалық көлік министрлігінің, парламент депутаттарының қатысуынсыз қабылданған. Бұл сақтандыру компанияларының мүдделері лоббиленіп отыр ма деген ойға жетелейді. Тарифтер 20-30 пайыз көтерілсе, ойға қонымды әрі әділ болар еді. Бірақ бұл жерде тарифтердің 200 пайыз көтерілгенін көріп отырмыз. Бұл Қазақстан жүргізуілері тарапынан әлеуметтік наразылық тудыруы мүмкін”, – деп мәлімдеді депутат.
Осы мәселеге байланысты Бейсенбаев мынандай ұсыныстар білдірді:
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысын қайта қарау;
- АМАNАТ фракциясының депутаттары тарапынан 2024 жылы дайындалған сақтандандыру мәселесін реттеуге арналған бастамашыл заң жобасына үкіметтен тезарада қорытынды дайындау.
- Бастамашыл заң жобасында нақтыланған сақтандыру тарифін бекіту мәселесін тек заңмен реттеу позициясы бойынша оң қорытынды әзірлеу.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
