"Виньеткаға 3 түрлі киім алып, биші жалдаймыз": Қазақстандық түлектердің ата-аналары бітіру кешіне қанша ақша жұмсағанын айтты
Фото: ЖИ
Биыл қазақстандық түлектердің бітіру кешіне кеткен шығын 270 мың теңгеден асып жығылады. Атап айтқанда, арнайы биші жалдап, вальс биін үйренеді, виньеткаға түсу үшін 3 түрлі киім ауыстырады. Түлектер артық шығын шығармай, барынша үнемдеуге тырысса да, оқушылардың мектеппен қоштасуы ата-аналардың қалтасын қаққалы тұр. Stan.kz тілшісі ата-аналар мен түлектердің өзінен бітіру кешіне кететін шығын жайлы сұрады.
Ұлының қай мектепте оқитынын жария етпеуді сұраған ана бітіру кешін ұйымдастыруды мектеп әкімшілігі ата-анаға тапсырғанын айтты. Оның айтуынша, қазір баласы Ұлттық бірыңғай тестті үздік тапсыруы бәрінен маңызды.
“Қазір ұлым жатпай-тұрмай Ұлттық бірыңғай тестке дайындалып жатыр. Өйткені алдымен тест болады, кейін бітіру кеші өтеді. Мектеп әкімшілігі тарапынан бітіру кешіне байланысты ережелер не шектеулер болған жоқ. Ол жағын ата-аналардың өзіне тапсырды. Біз өзіміз мейрамхана тауып, брондап қойдық. Мейрамханаға балалармен бірге барамыз, барлығы аяқталған соң балалармен бірге қайтамыз. Одан бөлек ештеңе ұйымдастырмаймыз, балалар өз бетінше ешқайда бармайды. Осы уақытқа дейін балалар сынып болып виньеткаға түсті. Оған 17 мың теңге бердік. Сосын виньеткеға түсу үшін түлектер лентасын сатып алдық. Содай-ақ виньеткаға балаларға үш түрлі киіммен түсу керек деді. Виньеткаға үш түрлі киімнің бірі – мектеп формасы, екіншіге үйдегі барын киді. Үшіншісіне, ақ шалбарды 12 мың теңгеге, қара жейдені 6 мыңға сатып алдық. Бас-аяғы 271 500 теңге жұмсадық”, – дейді ата-ана.
- Виньеткаға – 17 мың теңге,
- Түлектер лентасына – 1500 теңге;
- Мейрамханаға – 55 мың теңге;
- Мейрамханадағы асаба, шоу-бағдарлама, сыйлықтарға – 20 мың теңге;
- Виньетка үшін киімге – 18 мың теңге;
- Хореографтың түлектерге би үйретуіне – 10 мың теңге;
- Костюм – 70 мың;
- Туфли – 45 мың;
- Жейде – 25 мың;
- Галстук – 10 мың.
Сондай-ақ ол бұдан бөлек балаға костюм, аяқ киім, жейдесін тағы сатып алатынын айтты.
“Мейрамханаға ұлым, әкесі және өзім бірге барамыз.Үш адамға 55 мың теңге төледік. Тек анасымен не әкесімен баратын балалар да бар. Бірақ ешбір оқушы бітіру кешіне жалғыз қатыспайды. Бұл да қауіпсіздіктің қамы. Мұғалімге үлкен сыйлық жасамаймыз. Тек гүлге ақша жинаймыз, сондай-ақ мүмкін косметика дүкеніне сертификат алып береміз деп ойлап отырмыз. Аталған шығынның ішінде сыйлықтың ақшасы жоқ. Әр ата-ана өз баласы үшін ақша береді. Ұлымыз тұңғышымыз болғандықтан бітіру кешіне мен де, әкесі де барады. Бірақ оқушының бір өзі жүруіге рұқсат жоқ. Ата-анасының біреуі жанында болу керек. Басқа мектепте ата-аналар виньетканың өзіне 70 мың теңге төлегенін естідім. Кейбірі үйдегі бар киімін киіп барды”, – дейді ол.
Тұңғышы мектептен түлеп ұшып жатқан аналардың тағы бірі “қанша ақша керек болса бәрімен келісемін” деп отыр. Сондай-ақ ол мектеп әкімшілігінің бітіру кешінің қалай ұйымдастырылып жатқанынан бейхабар екенін айтып қалды.
“Бізде де бітіру кеші тесттен кейін болады. Ата-аналар болып осылай шештік. Баламның тестке дайындығы жақсы, сыныбында үздік. Мектеп әкімшілігі ата-аналардың бітіру кешін қалай ұйымдастырып жатқанын білмейді. Оларға тек кеш болатын күнді ғана айттық. Негізі мектеп әкімшілігі көп нәрсеге тыйым салды. Кешті ұйымдастырып жатқан ата-аналар қанша ақша өткізу керегін айтты. Мен “ұрысып қалмай, тыныш отырайын” деп 150 мың теңге өткізіп қойдым”, – дейді ата-ана.
150 мың теңгенің ішіне:
- Мейрамханада 3 адамға орын;
- Ондағы оператор, баннер, сыйлықтар мен конкурстар;
- Виньетка (3 локация);
- Түлектер лентасы кіреді.
Мектеп бітіруші түлектің анасы тұңғышының бітіру кешінен аянып қалмайтынын айтты.
“Бұл менің бірінші балам. Сыныпта үздік оқушы, алтын белгіге келе жатқан жалғыз оқушы. Сондықтан бәрімен келісемін. Жағдайым да жақсы. Бұрынғы кез бен қазіргі заманды салыстыруға келмейді”, – дейді ана.
“Мектеп әкімшілігі түлектердің бітіру кешіне қатысты ережелер мен шектеулерді бекітті. Оқу бөлімінің меңгерушісі сынып жетекшісімен жұмыс істеп, бітіру кешіне қатысты тәрбие сағатын өткізді. Кортедж жасауға, коттедж жалдауға, ата-анасыз отырыстар ұйымдастыруға тыйым салды. Сондай-ақ отырыста үстелде алкогольдік ішімдіктердің болмауын қатты қағадағаланатыны ескертілді. Біз бітіру кешіне анамыз екеуіміз барамыз”, – дейді түлек.
- Түлектер лентасы – 5 мың теңге;
- Хореографтың түлектерге би үйретуіне (вальс) – 5 мың теңге;
- Мейрамханаға – 50 мың;
- Виньеткаға – 15 мың теңге;
- Виньетка үшін киімге – 20 мың теңге;
- Винеткаға түсу үшін макияж бен шаш үлгісіне – 15 мың теңге;
- Соңғы конырауға көйлек – 20 мың;
- Соңғы конырауға макияж бен шаш үлгісіне – 15 мың теңге;
- Бітіру кешіне көйлек – 20 мың;
- Бітіру кешіне макияж бен шаш үлгісіне – 15 мың теңге.
- Мұғалімдерге, оқу бөлімінің меңгерушісіне, директорға гүлге, соңғы қоңырау күні баннерге және мектепке естелік сыйлыққа – 15 мың теңге.
Оқушылардың мектепке қандай сыйлық жасайтынын ата-аналар өзара шешетін көрінеді. Осылайша, оқу бітіретін түлектің шығыны бас-аяғы 195 мың теңге болды.
Мектеп бітіруші түлек бұл сәтті есте қаларлықтай ұйымдастырылуы үшін ата-аналар барынша атсалысып жатқанын ерекше атап өтті.
“Оқушылар бәрінің жоғары деңгейде өткенін қалайды. Сол үшін ата-аналар қолдарынына келгенше қалағандарын жалдап, қажет ақшасын беріп, ұл-қызының қатарынан қалмау үшін бәрін жасап жатыр. Бітіру кешінге кеткен бұл шығын көлемі – біздің үнемдеп жұмсаған сома”, – дейді оқушы.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Құралай Ғазимова соңғы қоңырау қарсаңында мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға қатысты мынадай шектеулердің тізімі жариялаған еді:
- Ата-аналардан ақша жинау;
- Аниматорлар мен мерекелік агенттіктерге;
- Мұғалімдер мен мектепке сыйлық алуға;
- Банкет ұйымдастыруға, көлік жалдауға;
- Қоғамдық орындарда серуендеулерге;
- Соңғы қоңырау шарасын кафе, мейрамхана немесе ойын-сауық орындарында өткізуге тыйым салынды.
Сондай-ақ түлектер табиғатқа шығуды жоспарлаған жағдайда:
- Мектеп әкімшілігінің бұйрығы;
- Ата-аналардың жазбаша келісімі;
- Маршрут жөнінде полицияға хабарлама жіберілуі тиіс.
Мұндай сапарлар кезінде мектептен жауапты маман, медициналық қызметкер және полиция қызметкері міндетті түрде бірге жүруі керек. Сондай-ақ оқушыларды тасымалдайтын көліктің техникалық жағдайы тексеріледі.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
