Тараздағы тәртіпсіздік кезінде көз жұмған полицейдің қалай қаза тапқаны анықталды
Тараздағы тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған полицейдің қалай қаза тапқаны анықталды. Қалалық полиция басқармасы, 1-ші бөлімнің учаскелік инспекторы Рахат Сланбековке 6 қаңтар күні бүлікшілер атып өлтірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

"Нұрсұлтан арқасына оқ тигенін, ауырып тұрғанын айтты, ал Рахат көліктің артқы орындығында отырды. Артқа қарағанымда, оның ес-түссіз жатқанын көрдім. Рахатты облыстық ауруханаға жеткіздік, ол сонда қайтыс болды", – дейді аға инспектор Олжас Сүлейменов.
Автокөліктен 14 оқтың ізі табылған. Оқтың бірі полиция капитаны Рахат Сланбековтің кеудесіне тиген.
"Өте жақсы жігіт еді, әрқашан сөзінде тұратын, батылдығымен, ержүректілігімен ерекшеленетін", – дейді Олжас Төлегенов.
Мемлекет басшысының бұйрығымен, Рахат Сланбеков II дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Марқұмның отбасына орденнен бөлек, үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Марқұмның артында анасы, жұбайы мен бес баласы қалды.