Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздағы оқиға сабақ болмаған: Қызылорда облысында мектептердің сыртта орналасқан дәретхана мәселесі әлі шешілмеген

Қызылорда облысында 91 мектептің әжетханасы әлі де сыртта орналасқан. Тараздағы сұмдық жағдайдан бері 8 айға жуық уақыт өтсе де жағдай өзгеріссіз. Өңір басшысы Гүлшара Әбдіхалықова оқушылардың қауіпсіздігіне салғырттық танытқан білім басқармасын сынға алды. Мектеп ауласындағы әжетханалардың санитарлық жағдайы мәз емес. Тіпті кейбірінде әйелдер мен ерлерге арналған арнайы белгісі де жоқ екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп.

туалет

Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты №42-ші мектепке тиесілі сыртта орналасқан әжетхана мәселесі әлі шешілмепті. Санитарлық талаптарды сөз етпегенде, әйелдер мен ерлерге арналған арнайы белгіден де жұрдай. Мұндай бейқамдыққа тұрғындар да алаңдаулы.

"Әжетханалар далада. Балалар қысты күні күн суықта далаға баруға қиналады. Тағы еркек-қыздардыкі бір қабат. Бөлек-бөлек бөлу керек", - деді Жетікөл ауылының тұрғыны Пернегүл Кемелова. 

"Енді мына заманымызға байланысты іште болғаны тыныш қой. Әр түрлі жағдайлар болып жатыр. Бізге тиімді іште болғаны, даладан болғаннан гөрі", - дейді Жетікөл ауылының тұрғыны Назира Қоңыратбаева.

Аудандағы 17 мектептің тек төртеуінде ғана әжетхана ғимарат ішінде. Ал қалғандары осындай кісі шошырлық жағдайда. Қабырғасы қақырап, құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова да оқушылардың қауіпсіздігіне көз жұма қарап отырған өңірдің білім басқармасын сынға алды. Аймақ басшысы облыста 91 мектептің әжетханасы әлі де сыртта орналасқанын айтады. Олқылықтарды реттеу үшін жауаптыларға жаңа оқу жылына дейін уақытберді.

"Аудандарға қарасты 91 мектептің ғимарат сыртында орналасқан әжетханаларына жергілікті бюджеттен 133,4 миллион қаржат қарастырылған. Жаңа оқу жылына дейін ғимарат сыртында орналасқан әжетханаларды мектептің ішіне ендіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін бұл мәселе толығымен шешімін табады деп көзделуде", - деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Мәди Бекмағанбетов.

Мектеп ауласындағы дәретханалар мәселесі Тараз қаласындағы сұмдық жайттан кейін ғана қозғала бастады. Естеріңізде болса, 38 жастағы педофил 12 жасар оқушы қызды білім ордасының ашық-шашық жатқан әжетханасында қорлап кеткен болатын.

Қызылорда облыстық білім басқармасы қаланың өзінде проблема жүз пайыз шешімін тапты дейді. Енді дәретханаларды бейнекамерамен қамту мәселесі кезекте тұр.

Талқылау