Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда автобустың мас жүргізушісі жолаушыларды тасып жүрген жерінен ұсталды

Фото: Жамбыл облыстық полиция департаменті

Таразда полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйде жолға шыққан автобустың жүргізушісін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, "Қауіпсіз жол" атты жедел-профилактикалық шара барысында құқық қорғаушылар күдік туғызған жолаушылар автобусын байқап, оны тексеру үшін тоқтатқан.

Тексеру барысында №17 маршруттағы автобустың 55 жастағы жүргізушісі мас күйде болғаны анықталды. Медициналық тексеру оның қанында алкоголь бар екенін растады.

Осылайша жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 15 күнге қамауға алынды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

"Жүргізушінің мас күйде көлік жүргізуі жолдағы қауіпсіздікке нақты қауіп төндіреді және қатаң жауапкершілікке әкеп соқтырады", – деп ескертті полиция қызметкерлері.


Прокуратура ғимаратын досының үйімен шатастырған ер адам 5 тәулікке қамалды


Алматы әуежайында мас күйде шу шығарып, жазадан құтылып кеткен прокурор айыппұл арқалады


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда енді жаяу жүргіншілердің де мастығы тексерілетінін жаздық. 29 тамызда "НҚА-ның эталондық бақылау банкі" порталында ІІМ-нің жаңа бұйрығы жарияланды. Жаңа құжатта жол қозғалысына қатысушыларды мас күйінде болуына тексеру тәртібі нақтыланған: тек жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілері де тексерілуі мүмкін. Тексеру электронды түрде рәсімделеді, куәгерсіз жүргізілсе де видео немесе аудио жазба талап етіледі, ал адамның жазбаша келісімі міндетті. Егер тексеруге немесе оның нәтижесіне келіспесе, адам мемлекеттік медициналық мекемеге жіберіледі.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 09:47
Талқылау