"Тапқан табысымызды жолға төлейміз": Қызылордалық жүргізушілер ақылы жолға шағымданып, наразылыққа шықты
Қызылорда облысында жүздеген жүк көлігінің жүргізушісі халықаралық тасжолдың бойында наразылыққа шықты. Айтуларынша, жақында іске қосылған ақылы жолдағы бақылау камералары мүлде дұрыс орнатылмаған. Соның кесірінен жүрмеген жолымызға ақы төлеп, шығынға шаш етектен батып жатырмыз дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттегі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан жүз шақты жүк көлігінің жүргізушісі ақылы жол іске қосылғалы табан ақы, маңдай терімізбен тапқан табысымыздан түк қалдырмады дейді. Сондықтан барлығы бірауыздан наразылықтарын білдіру үшін халықаралық Батыс Қытай-Батыс Еуропа тасжолының бойына жиналды.
“Артығымен айтылғанда материал шығаратын жерге келіп кеткеніміз 100 км. Соған енді 7200 тг алынып тұр. Өзіміз табатын 18 мыңның 7200 теңгесін осыған төлейміз. Дизель 230 теңге. Бұл арада кіріс жоқ”, – дейді жүк көлігінің жүргізушісі Әділхан Жаппасов.
Мәселе көліктердің жүрген жолын есептейтін камералардың дұрыс қойылмағандығында дейді жүргізушілер. Айтуларынша, жүк көліктері шақырымына тариф бойынша 25 теңгеден төлеу керек делінген. Алайда камералардың арасы дұрыс есептелмей, жүргізушілердің жүрмеген жолы қосылып, төлем бағасы қымбаттап кетті дейді жиналғандар.
Қызылорда қаласынан шыға берістегі бейнебақылау камерасы мен келесі аумақтағы камераның аралығы 100 шақырымдай екен. Егер көлік осы камера тұсынан өтсе болды, келесі аумаққа дейінгі аралықты жүрсе де, жүрмесе де осы 100 шақырымның ақшасын төлеуге міндетті. Ал жүк көлігінің жүргізушілері жүрмеген жолымыз үшін ақша алу, қарапайым халықты қанаумен бірдей деп ашынады.
“Енді бізге жеңілдік ештеңе жасалмаса, біз жұмыс істеуді доғарамыз. Болмаса, ақша төлемейтін жағына шығамыз”, – дейді жүк көлігінің жүргізуішісі Мұхамеджан Ахметов
Жиналғандар жылына бір реттік төлем енгізсін деген талаптарын айтты. Ал "ҚазАвтоЖол" өкілі жүргізушілердің шағымдарын елордадағы орталыққа жеткіздік дейді.
“Кешегі келген көлік жүргізушілерінің ұсынысы астанаға жіберілді. Қарастырылып жатыр деп айту керек. Мәселе шешіледі деп ойлаймын”, – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов.
Ал жүргізушілер" ҚазАвтоЖол" осылай халықтың қалтасын қаға беретін болса, өзімізге басқа тегін жол салып аламыз дейді.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
