Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлі күлкіге айналдырып, қарап отыр": Балқашқа демалуға барған апалы-сіңлі блогерлер су аттракционына мініп, батып кете жаздады

Фото: Видеодан скриншот

Желіде блогер Аружан Мағзұм Балқаш демалыс орында болған келеңсіз оқиғаны айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі жұлдызы сіңлілерімен бірге көлге шомылуға барған. 

“Өте қиын жағдай бастан өтті. Сәл болмағанда сіңлім суға кетіп қала жаздады. Біз отбасымызбен “Көктем” демалыс орнына демалуға келдік. Су аттракционы "Диванға" отырдық. Басқаларынан гөрі қауіпсіз болып көрінді. Ол кезде басқа туысқандарымыз кәуап әзірлеп жатқан. Біз қайыққа жақындағанда олар бізге танысуға бола ма деді. Біз бірден бас тарттық. “Диванға” отырғанда да арамызда жүзе алмайтындар барын ескерттік. Олар күліп, бізді ақырын ғана трюктар жасайтынына сендірді. Алайда бәрі керісінше болды. Құтқару жилетінен пайда болмады. Арамыздағы бір сіңлім суға батып кете жаздады. Есінен танып, тынысы тарылды. Сол кезде ғана катер жүргізушісі көмекке келді. Жағаға жеткен соң біз шок алып қалдық. Қатты күйзеліске түстік. Сіңлім есін жия алмай, тілін жұтып қоя жаздады. Жедел жәрдем бригадасы келіп, үш қызды бірінен соң бірін ауруханаға жеткізді. Алғашында көлдегі қайық қызметкерлері бізбен танысқысы келген. Біз одан бас тарттық. Кейін осындай әрекеттерін әдейі істеп отыр. Олар жазасын алуы керек", – дейді Аружан Мағзұм.



Блогердің сөзінше, полиция шақырғанымен, ешкім оқиға орнына келмеген. Сондай-ақ сіңлілеріне "аспирациялық пневмония" диагнозын қойған – өкпеге су кіріп, ісіну пайда болған. Олар екі сағат бойы полиция қызметкерлерін күткен. Бірнеше рет қоңырау шалғаннан кейін тәртіп сақшылары ауруханаға кеткендерін хабарлаған.

Блогер оқиғаны "қылмыстық немқұрайлық" деп атап, кінәлілерді заң алдында жауапқа тартуға ниетті. Оның айтуынша, олар жауапкершіліктен сытылып кетсе, ертең дәл осындай жағдай басқа балалардың немесе отбасылардың өмірін қиюы мүмкін. Жеке парақшасында катер жүргізушілерінің фотосын жариялап, сақ болуға шақырды. 

Қарағанды облысы полиция департаменті  аталған оқиғаны растап, қылмыстық іс қозғады. 

“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, жауап алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға, сондай-ақ кінәлілерді заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел-іздестіру шараларының толық кешені жүргізілуде", – делінген хабарламада. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 11:13
Талқылау