Танысының жеке дерегін таратып жіберген қазақстандық ер адам 4 жылға сотталды
Фото: pixabay.com
Солтүстік Қазақстан облысында жеке өмірге қол сұғу дерегі бойынша үкім шықты. Айыртау аудандық соты ер адамды төрт жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының іс-материалдарына сәйкес сотталушы танысының ұялы телефонын ұрлап, ондағы жеке және отбасылық сипаттағы ақпараттарды мессенджер арқылы таратқан.
Сот үкімімен азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді. Прокуратура өкілдері бөтен адамның жеке деректерін оның рұқсатынсыз тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Қылмыстық кодексінің 147-бабының 4-бөлігіне (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) сәйкес мұндай әрекет үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Егер ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары немесе интернет арқылы жарияланса, жаза мерзімі 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғаяды.
"Әр азаматтың жеке өміріне және отбасылық құпиясына қол сұғылмауы Конституциямен қорғалған. Бұл құқықтың сақталуын прокуратура үнемі бақылауда ұстайды", – деп мәлімдеді ведомство.
Оралда өз махаббатын желіден іздеген жігіт кездесуде алданып қалды
Ақтөбеде ер адамның азаматтық некедегі сүйіктісі оның заңды әйелінен моральдық шығын талап етті
Еске салайық, бұған дейін келінін балағаттаған қызылордалық "қайын атаға" арақ ішуге тыйым салынғанын жазған едік. Ер адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны іс материалдарымен дәлелденді. Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар сот ер адамның мінез-құлқына арнайы талаптар белгіледі. Оған 3 ай мерзімге алкогольді ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға толық тыйым салынды.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
