Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкесі – танымал кәсіпкер": Шымкенттің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбеков туралы не белгілі?

Шымкенттің жаңа әкімі қызметіне Ғабит Сыздықбеков тағайындалды. Тұрғындар жаңа әкімнің қызметке келуін қызу талқылап жатыр. Кейбірі президент Қасым-Жомат Тоқаевпен салыстырса, кейбірі тіпті кумирлеріне айналдырып үлгерді. Шымкенттің жаңа әкімі туралы не белгілі? Әкесінің белді кәсіпкер екені рас па? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Отырар” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкентте дүниеге келген. Дегенмен ол Астана, Мәскеу, Франция, Сербия секілді жерлерде қызмет етіп, өмірінің көп бөлігін өзге қалаларда өткізген.

Жаңа әкімнің біліміне келер болсақ, ол елордадағы Қазақ мемлекеттік заң университетін, одан кейін көптеген көрнекті саясаткерлер шыққан элиталық университет – Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын бітірген. Айтпақшы, мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да оқыған.

Ғабит Сыздықбеков еңбек жолын 2004 жылы еліміздің сыртқы істер министрлігі мемлекеттік хаттамасында атташе қызметінен бастаған. Кейін бір-екі жыл Сенатта халықаралық қатынастар мәселелеріне жетекшілік етті. Анықталғандай, ол 2021 жылға дейін Сыртқы істер министрлігі құрылымында түрлі қызметтерде, Еуропа және Америка департаментінің хатшысы, Азия және Африка департаментінің бөлім меңгерушісі болған.

Атап айтқанда 5 жылдай Францияда тұрып, Қазақстан елшілігінің кеңесшісі болған. Ол Сербияда 2 жылға жуық Қазақстанның елшісі болып қызмет еткен. Кейін ҚР премьер-министр кеңсесі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, елге оралды. Ал 2023 жылдың ақпанынан бастап үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметіне ауысты.

Әкесі 4 компания мен қайырымдылық қорына иелік етеді

Жаңа әкімнің жеке өмірі мен отбасы туралы ақпараттар белгісіз. Тек оның әкесі кәсіпкер, Шымкент қаласының тұрғыны Сыздықбеков Әбдімәжит Саттарұлы туралы ғана деректер басым. Ғабиттың әкесі Монакодағы жекпе-жекте Геннадий Головкинге қазақ шапанын сыйлаған қазақ жанкүйері Әбдімәжит Саттарұлы екені белгілі болды.

Ол кезде Ғабит Сыздықбеков (2015 ж.) Қазақстанның Франциядағы елшілігінде жұмыс істеген. Жаңа әкімнің кей ашық дереккөздердегі ескі суреттеріне қарап, оның да Геннадий Головкиннің жанкүйері екені байқалады.

Одан бөлек, дәл осы ашық дереккөздерде жаңа әкімнің әкесі Сыздықбеков Әбдімәжит Саттарұлының кемінде 4 компания мен қайырымдылық қорына иелік ететінін көрсетілген. Атап айтқанда бір кәсібінде бетон, цемент, гипс бұйымдарын көтерме саудамен айналысса, екінші кәсібінде жай ғана аралас ауыл шаруашылығымен, енді бір кәсібінде қой-ешкі өсірумен айналысады. Бұл фирмалар бүгінде жұмыс істей ме, жоқ па белгісіз.

“Қасым-Жомарт Кемелұлына ұқсайды”

Ал шымкенттіктер әкім туралы өз ойларын желіде талқылауда. Блогер Диана Ыдырыс Шымкенттің жаңа әкімін Қасым-Жомарт Тоқаевтың "шағын нұсқасы" деп атады. Бұған себеп деп оның сыртқы істер министрлігіндегі тәжірибесі мен тіл білетіні атаған.

"Ол дипломат, көп тілді біледі. Осы жағы Қасым-Жомарт Кемелұлына ұқсайды. Тек оның шағын нұсқасы. Мысалы оны 150 мл бөтелкенің 30 мл-лігі деуге болады. Ақырында, біздің қаламыз хош иіске бөленіп, жарқырайды, бәрі мәдениетті болады", – деді блогер.

Талқылау