Танымал блогер жесір қалған келіншекке баспана алып берем деп алдап кеткен
Әлеуметтік желіде жәрдем беремін, қол ұшын созамын деп қор ашып халықтан ақша жинайтын блогерлер көп. Қиналғанға көмек қолын созу сауапты іс, бірақ сол блогерлердің жиған ақшасы көмекке мұқтаж жанның қолына қаншалықты жетіп жатыр? Алматылық Гүлнәр есімді келіншек көмектесем деген блогерге алданып қалғанын айтады. Stan.kz тілішісі істің мән-жайын білді.
Алматы қаласының тұрғыны Гүлнәр Бекпанова - төрт баланың анасы. Өткен жылы жолдасынан айырылып қалған оның шиеттей бала-шағасымен жалдамалы пәтерде күн көруі қиындаған. Өзінің жағдайы туралы танысы танымал блогерлерге, қайырлымдылықпен айналысатын жандарға айтқан көрінеді. Сол кезде Арман Қартқожақов есімді жігіт үйіне келіп, қаржы жинап пәтер алып беремін деген екен.
"Күйеуім қайтыс болғаннан кейін 5 айдан соң Арман деген блогер үйге келіп, жетім балаларға, мұқтаж адамдарға көмектесетіндерін айтты. Балаларымды видеоға түсіріп кетті. Үйіңізді алып береміз деп уәдені үйіп төкті. Басында үйге келіп жағдайды біліп, хабарласып тұратын. Арада 3-4 ай өткенде сөздері өзгере бастады. Халықтан біз үшін қор жинап жатқан соң имандай сендік. Білуімше халықтан 2 миллиондай ақша жиналған. Бірақ менің қолыма бір тиын да ақша түскен жоқ. Хабарлассам, телефонын көтермейтін дәрежеге жетті. Менің номерімді барлық жерден блокка салды", - дейді Гүлнәр.
"Қор жиналып жатқан кезде қанша ақша жиналғанын айтып есеп берген жоқ. Қазір жалдамалы пәтерде балаларға алатын жәрдемақыға күн көріп отырмын. Бізді пайдаланып, жетім балаларымды пайдаланып ақша жинауға болмайды. Мен анамын, себебін айтса ұғамын. Қашып жүргенше, ақшаның қайда кеткенін айтса түсінемін. Бір хабарласқанымда ақша сақтаулы тұр деп айтты. Кейінірек "Құдай сендерді қолдамайды екен, күйеуің өлген соң төрт балаңның несібесі жоқ екен" деп бір сөзінде айтып қалды", - деген Гүлнәр Арманның бұл қылығын түсіне алмай дал.
Келіншектің сөзіне сенсек, соңғы күндері Арманның өзі қайта байланысқа шығып, кешірім сұрап жүрген көрінеді. Тіпті, қайта қор жинап, үй алуға жәрдемдесемін деп айтыпты. Жоғалып кетуіне маңызды себептер болғанын да түсіндіріпті.
Осы іске қатысты Арман есімді блогердің өзіне байланысқанымызда алдымен пікір білдірмейтінін және жұрттың өзі туралы не ойлайтыны қызық емес екенін айтты.
"Маған жұрттың пікірі қызық емес. Алланың алдында тазамын сол жетеді. Гүлнәр да, Алла бұйырса, үйлі болады", - деп қысқа қайырған Арман жоғалып кетуіне нақты себеп болғанын айтты.
"Хабарсыз кетуіме себеп бар және онымен заң өкілдерінің қатысуымен іс жүріп жатыр. Менің өміріме, қазақ деп соққан жүрегіме қастық ойлағандар заң алдында жауап береді жақында", - деген ол қазіргі кезде денсаулығына байланысты ауруханада жатқанын айтып қалды.
Гүлнәрға берген уәдесін ұмытпадым деген Арман оқиғаның қалай болғаны жайлы қысқаша түсіндіре кетті.
"Гүлнар есімді төрт балалы анаға қазақ халқының басын қосып үй алып бермекші болғанмын. Бірақ қорға ақша өте жай жиналды және сол сәттерде менің жеке өміріме бір адамдар қастандық ойластырды. Уақытша қорды жауып, интернетке шыға алмай жүрмін. Соңғы уақытта денсаулығым қатты сыр беріп, ешқандай іске зауқым жоқ. Мені қазір жеке өмірім алаңдатады, жаным аман болса, әлі талай жетім-жесір, науқас балаларға көмектесемін деген ойдамын. Тек халық біраз шындықты білмегесін, аяқ астынан жоғалып кеткесін мені алаяқ деп ойлап жүрген шығар. Бірақ біз қазақ шындықты білмей ғайбат сөйлейтін халықпыз ғой (әрине, бәрі емес). Бұйырса жақында барлық шындық ашылған сәтте халықта біле жатар. Менің басыма түскен жағдай ешкімге тілемеймін. Қорымның жұмысын жалғастырған жағдайда Гүлнәр туралы ұмытпаймын. Біз асыққанмен Алла асықпайды, сол үшін Гүлнәрға айтарым, Аллаға дұға етуден шаршама", - дейді ол.
Блогердің сөзіне сенсек, жеке қорын жауып таста деп қорқытқандар мен тонап та кеткендер болған екен. Айта кетейік, Қартқожақов Арман Серікұлының атынан ашылған "жеке қайырымдылық қоры" бір жыл бұрын, 2019 жылдың қыркүйегінде тіркелген. Тіркелген жері - Алматы облысының Іле ауданы, Қараой ауылы. Қолымызда бар деректерге сүйенсек, осы және өткен жылы қор бюджетке салық төлемеген.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
