Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тамақты түтікшемен беремін": Түркістан облысында мүгедек енесі мен күйеуіне қарап отырған әйел көмекке мұқтаж

Бір отбасындағы екі бірдей мүгедек жан мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Енесі мен құдай қосқан қосағын қарап отырған отанасы кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Ал, әкімдік қызметкерлері үкіметтің бекіткен заңынан аса алмай жүргендерін айтады. Сонда шарасыз күйге түскен Леңгірлік отбасыға кім қолғабыс жасамақ? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Өмірзақовтар отбасының тірегі Сүлеймен ағаның төсек тартып жатқанына бір жылдан асыпты. Бір емес екі бірдей ота жасатқанымен жағдайы мәз емес. Өзі 2-топтағы мүгедек. Дұрыстап сөйлей де алмайды. Тамақты түтікше арқылы пайдаланады. 

Ал, Жәмила әжей соңғы он екі жылдан бері қимылсыз жатыр. 86 жастағы қарияға күндіз-түні келіні қарайлайды. Кей кезде немерелері жанында болады. Ал, ертең сабақ басталған сәтте олар үйде жалғыз қалады екен. 

«Балаларға айтуға ұяламын. Алтын келінім қарайды. Іштен тынса да, маған қарайды. Мені жуындырып, шайындырып, айналайын, кәдімгі шақалаққа ұқсатып. Айналайын, оған да рахмет», - дейді науқас Жәмилә Жиенбаева. 

Қос мұңлықтың қажетіне жарап отырған отанасының өзі аудандық емханада еңбек етеді. Күнұзақ жұмыста болған сәтте үйдегі науқастарға қарайлайтын адам жоқтың қасы. Сол үшін жақындарының тамағын беріп, жанында отыратын күтуші болса дейді. 

«Сол ғой, маған қыркүйектен бастап көмекші қажет. Мен қалай тастап кетемін екеуін. Мына кісіге 2-3 сағаттап тамақ беру керек. Қымыз, сорпаны шприцпен жібереміз ішіне. Маған көмекші қажет немесе үкіметтен ақша төлесін, мен жұмысымды қойып, екі ауруға қарап отырамын. Менің іздеп жатқаным осы», - дейді Леңгір қаласының тұрғыны Айнұр Әлібекова. 

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Өмірзақовтар отбасын жақсы біледі. Азын-аулық мемлекеттен бөлінетін кейбір гигиеналық заттарды тегін беріп жүргендерін айтады. Бірақ, оның өзі жеткіліксіз көрінеді. Ал, екі бірдей мүгедекке күтуші бөлудің талаптары мүлдем басқаша екен. 

«Бас егесі бірінші топта болса, апамен бірге жеке көмекші тағайындауға болады. Бірақ, Алайда, жеке көмекші тағайындау заңға байланысты. Ол денсаулық сақтау және әлеуметтік министрлігінің заңы бар. 2015 жылғы 22 қаңтардағы №22 бұйрығымен бекітілген. Сол заңды негізге алатын болсақ, екеуі де 1 топтағы мүгедек болуы қажет. Сонда ғана жеке көмекші тағайындауға мүмкіндік бар», - дейді Төле би аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлзат Әбдіраманова. 

Айнұр Әлібекова енді жолдасының мүгедектігін бірінші топқа ауыстырмақшы. Онда да арнайы комиссия рұқсат берсе ғана. Әйтпесе, үйдегі төсек тартып жатқан екі науқасқа қарайлайтын адам болмайтын түрі бар. 

Талқылау