Тамаққа түсіп, көзге кіріп кетеді: Жамбыл облысында бүтін бір ауылды біте мен бүрге басты (видео)
Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында шіркей қаптап кетті деп, жергілікті тұрғындар дабыл қағуда. Ауыл тұрғындары шіркейдің іргедегі шаруа қожалығының қамбасынан пайда болғанын айтуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жағдайға әбден ашынған құландықтар үйлерінің терезесі мен қабырғаларындағы және балаларының киіміне үймелеген бітелердің видеосын жолдап жатыр.
Жергілікті Құлан ауылындағы Әліби Жангелдин көшесінің тұрғыны Дана Сералықызы шіркейге қатысты жағдайдың қиындап тұрғанын айтады.
"Бізде осылай бітенің тарап жатқанына төрт жылдан асты. Үйге кірсек үйде, сыртқа шықсақ сыртта тыныштық жоқ. Бізде қаз-қатар үш көше орналасқан. Мұнда шамамен 100-ге тарта адамдар тұрамыз. Жем сақтайтын қамба тура біздің жанымызда тұр. Тек арамызда бір ғана үй бар. Азық-түлікке сақтау шараларын жасасақ та, ішіне шіркейлер кіріп кетеді. Ұнымызды илеп, амал жоқ жей береміз. Үйіміздің ішіндегі кілем, көрпе-төсек, жиһаздарымыздың бәріне де қаптап кетеді. Өзімнің кішкентай сәбиім бар. Оны да түнімен аңдып отырамыз", – дейді Дана Сералықызы.
Айтуынша, біте балаларды маса секілді шақпайды екен. Тек көздеріне кіріп кетуі әбден мүмкін. Көше тұрғындарының кейбір балаларының көздеріне кіріп, ауруханаға барған жағдайлар да болыпты.
"Шалқар" шаруа қожалығы егін өсірумен айналысады. Дәнді дақылдарды осы қоймаға сақтайды екен. Жиналған дақылдарына біте түсіп, ауыл тұрғындары осылай әбігерге түсіп жатырмыз дейді.
"Біраз елді жұмыспен қамтып жатыр. Техникаларын айдағанға тұрғындар да жұмыс істеуде. Бір жағынан пайдасы да, зияны да болып тұр. Аудан әкімдігінен мәселемізді білуге атқамінерлер де келген. Жауапты мекемелерге де шағым түсірдік. Бәрін де тұрғындардың қалауындай істейміз деген. Енді шаруа қожалықтың иесі қайда барсаңдар да, сонда барыңдар деп жатыр. Ешқайда көшпейтінін айтады. Қамбадағы тонналап жиналған дақылдарды ары-бері тасып жүрмеймін дейді. Соттасатын болсаңдар, соттасамын деген", – дейді ауыл тұрғыны.
Жергілікті атқамінерлердің тарапынан дезинфекция жұмыстары жасалған. Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз қызметі тұрғындардың мәселесіне түсініктеме берді.
"13 мамыр күні Құлан ауылы Ә.Жангелдин көшесінде орналасқан астық сақтау қоймасы аумағына мензалалсыздандыру жұмыстарын жүргізіліп, есік-терезелері уақытша залалсыздандыру кезеңіне жабылды. Сонымен қатар Ә. Жангелдин көшесі де залалсыздандырылды.
Аталған жұмыстардың нәтижесін алдағы аптаның сейсенбі күні жеке кәсіпкердің, жергілікті тұрғындардың және ауылдық округ әкімшілігі қызметкерлерінің қатысуымен арнайы жиналып барып көру туралы келісім бар. Егер дезинфекция жұмыстары оң нәтиже бермеген жағдайда жеке кәсіпкердің тарапынан қоймадағы астық түгелдей басқа аймаққа көшіріліп, қайта дезинфекциялау жұмыстары ұйымдастырылатын болады", – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Жергілікті атқамінерлердің айтуынша, қазіргі уақытта көшеде шыбын-шіркей байқалмайды, жағдай тұрақты. Бірақ та әлеуметтік желі беттері мен ауыл тұрғындарының бізге жіберген бейнероликтерінде бітелер әлі де бар. Тұрғындарды мезі қылған шіркейдің қашан азаятыны белгісіз.
Қадірәлі Сарыпбек

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
