"Тамақ алыңыз тыйым салынған": Алматылық ару қаладағы мейрамханалардың бірі жарнаманы қазақшаға қате аударғанына ашуланды
Rararakhh есімді қолданушы Алматыдағы "Вахтангури" мейрамханасында қазақ тіліндегі жарнаманың қате жазылғанына ашуланды. Қыз мәтіндегі қателер соншалық көп екенін және оны өзі қазақ ұлтының өкілі ретінде түсіне алмағанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Rararakhh желідегі парақшасынан
Алматылық ару жарнама мәтінінде кездескен қатенің көп екенін және қазақ тілінде еркін сөйлейтін адам да түсіне алмағанын айтады.
"Мен ана тілімді түсінбеймін! Алматыдағы “Вахтангури” деген мейрамханада қазақ тіліндегі жарнамалық жазбаның қамын жейтін бір жан табылмағаны өкінішті. "Мәселе жалпы сауатсыздықта ма?" деп артын тексерсем, мәселе – қазақ тіліндегі сауатсыздықта ғана екен. Қатенің түр-түрін жинап алған жазбаны тіпті мен де түсіне алмадым. "Вахтангури" әкімшілігі, мына келеңсіздікті түзетпесе болмайды", – деп арызданды алматылық тұрғын.
Орысшадан қазақшаға аударған сөйлемнің көбі тікелей аударылып, қате жазылған. Осы ретте редакция бұл мәселеге қатысты "Вахтангури" мейрамханасының әкімшілігіне хабарласып, жарнама тақтайшасының дұрыс нұсқасын ұсынды.
Фото: Stan.kz
Әкімшілік өкілі Айнұр жақын арада қате жазу ауыстырылатынын айтты.
"Барша мейрамхана қонақтарынан кешірім сұраймыз. 2-3 күнде қате жарнама мәтіні ауыстырылады. Мәселеге баса назар аударғандарыңызға рахмет. Сіздер ұсынған нұсқаны таяуда жазып қоямыз", – деп жауап берді мейрамхана әкімшілігі.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Magnum желісінің курьерінің жұмыстан қуылуы қызу талқыға түскенін жаздық. Дау курьер қазақ тілінде сөйлеуді талап етуінен басталған. Ал кейін компания басшылығы оны жұмыстан шеттеткен.
Талқылау