Талғат Ермегияев 14 жыл түрмеде отыратын болды
6 млрд теңгеге жуық қаржыны жымқырды деп сотталған Талғат Ермегияев 14 жыл толық түрмеде отыруы тиіс. Аппеляциялық сот ЭКСПО-ның экс-басшысының жазасын жеңілдетуден бас тартты. Қамаудан босатуды сұраған 11 бизнесменге қатысты үкім де өзгеріссіз қалды. Дегенмен Ермегияевтың кінәсіздігіне сенімді қорғаушылары соттың заңсыз шешім шығарғанын айтып, қайта шағымданбақ.
Бұл туралы 31 арна жазды.
Талғат Ермегияев 14 жыл түрмеде отырып, жазасын толық өтемейінше абақтыдан аттап шықпайды. Аппеляциялық сот екі ай бұрын темір торға қамалған Ермегияевтың жазасын қысқартудан үзілді-кесілді бас тартты. Тіпті өз ұсыныстарына өздері қарсы шығып, Ермегияевтың жазасын екі жылға азайтуды сұраған прокурорлар өтінішін де сот кері қайырды.
«Тергеу материалдарын зерттеп, сот процесіне қатысушылар пікірін тыңдаған сот алқасы жазаны жеңілдетуден бас тартады. Қорғаушылардың арызы мен прокурорлардың наразылығына қарамастан үкім өзгеріссіз қалды»,-деді судья Асқаржан Кенжеғарин.
Сонымен, прокурорлар сұрағандай Ермегияев екі жылға ерте шықпайды. Екі ай бұрын сотталған ЭКСПО-ның 11 экс топ-менеджері де жазасын толық өтемек. Ал үкімнің өзгеріссіз қалғанына ашулы Ермегияевтың адвокаттары судья шешімін заңсыз деп салды.
Ал бұрынғы экономика министрі Ерболат Досаев пен Қайрат Келімбетовтың сотқа неге шақыртылмағаны әлі белгісіз. Адвокаттар Ермегияев компанияны басқарған кезде премьер-министр орынбасары болған Қайрат Келімбетов пен Ерболат Досаевтың біраз шындықтың бетін ашатынына сенімді. Алайда қорғаушылар арызын кері қайтарған сот бұл жолы да шешімін түсіндірмеді.