Талғат Байсұфинов: "Қашкеннің ұлттық құрамаға шақырылуына қатысты айтылған сындарға назар аударудың қажеті жоқ"
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсұфинов Лихтенштейнмен өтетін матч қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында Дінмұхаммед Қашкеннің құрамаға шақырылуына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Penalty.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, команданың орталық қорғаушы шебінде қиындықтар туындағаннан кейін Қашкен кандидат ретінде қарастырылған.
"Бұрын кеңейтілген, негізгі және қосалқы тізім болатын. Жаттығу кезінде Сергей Малый мен Ұлар Жақсыбаев жарақат алып қалды. Бізге оң аяқпен ойнайтын орталық қорғаушы қажет болды. Қазір ҚФФ жанындағы селекциялық бөлім үлкен база құрған. Онда Қазақстан азаматы саналатын, ҚПЛ-де ойнаған барлық футболшылардың дерегі бар. Сол тізімнің негізінде бізге Димаштың кандидатурасы ұсынылды. Ол барлық талаптарға сай келді", — деді Байсұфинов.
Маман ұлттық құраманың басты құндылығы – бірлік екенін атап өтіп, Қашкеннің шақырылуына қатысты айтылған сынға алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты.
"Ашық айтайын, ұлттық құрама – бұл бір отбасы. Иә, Қашкеннің шақырылуына байланысты түрлі пікір айтылды, бірақ оған назар аударудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Ең бастысы – бірігіп, матчқа дайындалу. Біздің мақсат – жеңіске жету. Бұл – жас қазақстандық футболшыларға жақсы үлгі: бәрі еңбегіңе және дайындық деңгейіңе байланысты. Құрамаға келудің жолы ашық екенін бәрі түсінуі керек", – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан мен Лихтенштейн арасындағы кездесу 10 қазан күні "Астана Аренада" өтеді.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
