Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда "Хутор" бандасы туралы айтқан тұрғынды полицейлер ұстап әкетті (видео)

Алматы облысы Талғар қаласында журналист Асхат Ниязовқа “Хутор” бандасы туралы айтқан тұрғынды полицейлер ұстап әкетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

21 қазанда Асхат Ниязовтың "Обожаю" YouTube-арнасына Талғар қаласы туралы зерттеу материал жарияланған еді. Сол зерттеуде "Хутор" бандасы туралы сөз қозғаған адамды полиция ұстап әкетіп, психиатриялық ауруханаға жеткізген. Бұл ақпаратты журналист Асхат Ниязов Telegram-арнасында хабарлады. 



“Дәл қазір полицейлер Талғар туралы эпизодтың кейіпкерлерінің бірін ұстады. Ол психиатриялық ауруханаға жеткізілді”, – деп жазды ол. 

Ақпаратқа сәйкес, ұсталған азамат Шерзат Болаттың көршісі әрі отбасылық досы. Журналист онымен бірге бұрын Хутор атанған Тұрар Рысқұлов ауылына барған. 

Ол адаммен сұхбат көліктің ішінде жазылған. Себебі сыртта тұрып сөйлесу қауіпті болған. Ер адам осы ауылдарда бұрын не болғанын, "Хутор" ұйымдасқан қылмыстық тобы туралы бар білетінін айтқан. 

Ал полиция сұхбат берген адамның психиатриялық ауруханадан бұрын қашып кеткенін айтты.

"Азамат К бұрын қоғамдық қауіпті әрекеті үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылған және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларына сотталған. Оны полиция қызметкерлері қайтадан ұстады”, – делінген сот хабарламасында.

Полицейлер Еркен Қазбековтің құжаттарды қайта рәсімдеуге барғанын, содан кейін медициналық мекемеден қашып кеткенін айтты. Ол 21 қазанда ұсталып, "тағайындалған емді жалғастыру үшін медициналық мекемеге" қайтарылды.

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Марқұмның ата-анасы әкімдік пен аудандағы құзырлы орган басшыларының қызметінен кетуін талап етті. Осыдан соң Хутордың өкілі делінген Хасанның ағасы, Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне Бауыржан Әленовті тағайындаған еді. Әленов 2022 жылы президент әкімшілігінің келісімімен Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы болып тағайындалған. 

Ал 18 қазан күні Мемлекет басшысының өкімімен Айдос Рысбаев Ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов лауазымынан босатылды. 

Талқылау