Талдықорғанда полиция қызметкерін балағаттаған әйел жазаға тартылды
Полиция қызметкерін қорлаған Талдықорған қаласының тұрғыны 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы облыстық полицияның баспасөз қызметіне сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Талдықорғанда полиция сержантының намысына тиетін балағат сөздер айтқан 33 жастағы әйел жауапқа алынды. Орташа жағдайда мас болған келіншек қаладағы түнгі клубтардың бірінде өз міндеттерін атқарып жүрген күзетшіге, сондай-ақ полиция қызметкеріне ғайбат сөздер айтып, қорлаған.
Сот қараған оқиға Талдықорғанда 2017 жылы желтоқсан айының 22-сінен 23-не қараған түні орын алды. Жанжал болған жерге полиция қызметкерлері келіп, тәртіп бұзған келіншекті қамауға алуға мәжбүр болған.
«Бұл факт өткен жылдың желтоқсан айының соңында тіркелді. Шындығында, 1982 жылы туылған күдіктінің іс-әрекеттерінде ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық белгілер бар. Ішімдікке мас болған әйел ойын-сауық мекемесінің күзетшісі мен полиция қызметкеріне қарсы әдепсіз сөздер айтқан. Кейінірек оны қалалық жедел-алдын алу орталығына жеткізген. Ол сол уақытта тәртіп сақшыларын өзіне зорлық-зомбылық көрсеттті деп айыптады», – дейді облыстық полицияның баспасөз қызметі.
Сот отырысында әйел өзінің кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Ол бұл әрекеті үшін қатаң жазаламауларын сұрады. Барлық жағдайларды ескере отырып, Талдықорған қалалық соты 33 жастағы әйелді мемлекет қызметкерін қорлағаны үшiн 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылсын, деген жаза тағайындады.
Айта кетейік, осы аймақта жыл басынан бері мемлекет қызметкерлерін қорлап, балағат сөз айтқан 15 оқиға тіркелген. Олардың әрқайсысына қарсы қылмыстық іс қозғалған.
«Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша үш қылмыстық іс тергелуде. Мұндай факті бойынша тәртіп бұзғандар міндетті түрде жазаланады», – деп ескертті полиция.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбеде жоғалып кеткен студенттің мал бағып жүргені анықталды
Шымкенттегі сауда орталықтарының бірінің күзетшілері ер адамға жабылып, себепсіз ұрып тастаған
Ақтауда әйелдер балаларға арналған қойылым кезінде төбелесіп қалды (видео)