Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғандық жас маман: Қазақстанның әрбір облысынан өз оқыту орталығымды ашсам деймін

Ардақ Жеңіс – Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы оқыту орталығының негізін қалаған жас маман. Бүгінде ол оқушылардың емтихандардан сүрінбей өтіп, қалаған оқу орнына түсуге сеп болуда. Қызметі мен жоспарлары жайлы педагог Stan.kz тілшісіне айтып берді.

оқытушы

А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми математика мамандығының түлегі Ардақ Ерболқызы білімін шыңдағандар қашанда биіктен көрінеді деп есептейді. Сондықтан да ол І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ғылыми-педагогикалық физика бағытында магистратурада оқып, білімін одан әрі жетілдіріпті.

“Магистратурада оқып жүріп, репититор ретінде мектеп оқушыларына қосымша дәріс беруді бастадым. Басында үйде оқытып жүрдім. Осы кезде “Бастау Бизнес” жобасы туралы естіп, қатысуға бел байладым. Өтінішімді қалдырғаннан кейін, көп ұзамай оқуға шақырылдым. Кәсіпкерлік негіздерімен толығырақ танысып, өз-өзіме деген сенімім арта түсті. Жоба аясында кәсібімнің өрісі кеңейе түсті. Талдықорған қаласында физика-математика бағытында білім беретін оқыту орталықтарының саны саусақпен санарлық. Сондықтан осы бағытты дамытуды қолға алдым”, – дейді Ардақ Жеңіс.

Сөзінше, грант қаражатына ол кабинетке қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. 

“Мемлекеттік грантқа ие болғаннан кейін, физика және математика пәндері бойынша жеке-жеке кабинет ашуды қолға алдым. Грант қаржысына кабинетті жасақтауға қажетті парта, үстел, шкаф, орындық, ноутбук сынды құрал-жабдықтарды сатып алдым. Жұмысты кәсіби түрде бастағаннан кейін, білім алатын шәкірттерімнің саны да арта түсті.

Мемлекеттің осындай зор қолдауы жастық жігерімді жани түсті. Сондай-ақ  жауапкершілік жүгін сезіне отырып, бар ынта-ықыласыммен жұмыс істеуге кірістім”, – дейді жас маман.

Ардақ Ерболқызының айтуынша, оқыту орталығында оқушылардың әрбіріне жеке-жеке назар аударылады. Сонымен қатар олардың пәнді меңгерулеріне қарай түрлі деңгейлерге бөлініп, топтастырылатын көрінеді.

“Мектеп бітіруші түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау барысында интенсивті оқыту технологиясы қолданылады. Бұл технология аясында оқушының бір айдың ішінде барлық тақырыпты толығымен меңгеріп шығуға мүмкіндігі бар. Одан әрі бір ай бойы практикамен айналысса, берілген 40 сұрақтан 35-38 балл алатыны анық. Осы 2020-2021 оқу жылында өзім дайындаған 35 баланың 28-і жоғары көрсеткіш көрсетті. Олар берілген 40 сұрақтан 35-тен жоғары балл жинаған”, – деп шәкірттерінің жетістігін атап көрсетті Ардақ Ерблолқызы.

Ардақ Жеңістің оқыту орталығынан дәріс алған шәкірттерінің басым бөлігі өздері көздеген межеден көрініп келеді. Сөзінше, шәкірттері өздері таңдаған Назарбаев зияткерлік мектебі, Қазақ-түрік лицейі, Республикалық физика-математика мектебі сынды республика бойынша таңдаулы оқу орындарына қиындықсыз түсуде. Ал мектеп бітіруші түлектер болса, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп өздері таңдаған жоғары оқу орнына түсіп жатыр.

“Қазіргі таңда оқу орталығымыз даму үстінде. Көпшіліктің сұрауымен, физика-математика бағытын ғана емес, ағылшын тілі, бастауыш сынып оқушыларын тереңдетіп оқыту жағын да қолға алып жатырмыз. Бүгінде оқу орталығымыз он адамды жұмыспен қамтып отыр”, – дейді білікті маман.

“Білекті бірді, білімді мыңды” жығады демекші білімділердің қашан да алдыңғы шептен көрінетінін айтады кейіпкеріміз.

“Білім – сарқылмайтын қазына. Бүгінгі ата-аналардың дені осыны жақсы ұғынған. Сондықтан да өз балаларының білімді де алғыр болып өсуіне ерекше назар аударады. Оқуға, білуге құштар, жанарында оты бар балалармен жұмыс істеу арқылы өзім де өрлеу үстіндемін”, – дейді Ардақ Ерболқызы.

Шәкірттері биік шыңды бағындыруы үшін барын салып жұмыс істейтін білікті маман еліміздің білім саласының дамуына зор үлес қосып келе жатыр десек артық айтқанымыз емес.

Әңгімелесу барысында “Бастау Бизнес” жобасына қатысып, жүйелі жұмыс жүргізудің нәтижесінде ешбір қиындықсыз кәсібін дөңгелетіп отырғанын тілге тиек етті жас маман. Мұның өзі білімдінің күні жарық екенін көрсетсе керек.

“Қазір жазғы демалыс болғандықтан, оқушы саны біршама аз. Бірақ жаңа оқу жылынан бастап, жұмыс өте қарқынды түрде жүреді. Жоғарыда атап өткенімдей, қызмет көрсету түрлері кеңейе түскендіктен, табысымыз да арта түседі деген ойдамын”, – дейді ол.

Шындығында да қаршадай қыздың алдына қойған таудай мақсаты да талайларды таңдандырмай қоймайды.

“Алдағы жоспарым – Талдықорған қаласынан екінші оқыту орталығын ашуды көздеп отырмын. Сонымен қатар, дәл осындай оқыту орталықтарын Алматы қаласынан бастап, еліміздің әрбір облысынан ашсам деген арманым бар. Бүгінде осы мақсатта тынбай жұмыс істеп келемін”, – деп түйіндеді педагог.

“Бастау бизнес” жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek  порталы арқылы бере аласыз. 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Талқылау