Талдықорғандық кәсіп иесі: Тұтынушылардың ризашылығы маған қанат бітіреді
Айдана Смағұлова “Бастау Бизнес” жобасы бойынша білім алып, мемлекеттік гранттың көмегімен өз кәсібін бастағандардың бірі. Бүгінде ол өзі тұратын Талдықорған қаласынан тырнақ әрлейтін “S.Aidana nail” студиясын ашып, табысты еңбек етіп келеді. Өз кәсібі туралы толығырақ Stan.kz тілшісіне айтып берді.
“Балаларым кішкентай болғандықтан негізгі мамандығым – мұғалімдік бойынша жұмыс істеу қиындау болды. Сондықтан маникюр курсын оқып, сұлулық әлемінде жұмыс істеуді жөн көрдім. Осылайша 2015 жылы іске кірісіп кеттім1, – деп саладағы еңбек жолының қалай басталғанын еске түсірді Айдана Бекетқызы.
Болашақ кәсіпкер түрлі сән салондарында жұмыс істеу арқылы үлкен тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз кәсібі бойынша түрлі дәрістер оқып шеберлігін шыңдауға кіріседі. Ал 2016 жылы тырнақты әрлеу бойынша курс оқып, 2017 жылы аппараттық маникюр бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтеді.
“Өзге сән үйлерінде жұмыс істесең, табысың айтарлықтай жоғары болмайтыны белгілі ғой. Өз кәсібімнің нағыз шеберіне айнала отырып жеке жұмыс бастауды да армандап жүрдім. Әрине, құр қиялға берілмей, арманымды мақсатқа айналдырдым. Алға қойған мақсатыма жету үшін жан-жақты іздендім де. Осы тұста “Бастау Бизнес” туралы бір әріптесімнен естіп, қатысуға шешім қабылдадым”, – дейді Айдана Смағұлова.
Осылайша ол кәсібін жүргізуге жол ашатын берері мол жобаға құжат тапсырып, дәріс алуды бастайды. Өміріндегі осы бір маңызды шешім кәсіпкерлік әлеміне бет түзеуіне мұрындық болады.
“Өз кәсібіңді жүргізудің тиімділігі – ешкімге тәуелді болмайтының. Өз өзіңе жұмыс істеу арқылы табысыңды ұлғайтуға да мүмкіндік мол. Дей тұрғанмен бастапқыда, көкейімде бір қорқыныш болғаны рас”, – деп әу баста өз-өзіне деген сенімділіктің жоғары болмағанын жасырмайды.
“Бастау Бизнес” жобасы Айдана Бекетқызын білім саласынан, сұлулық әлеміне жетелеп келді. Дәріс аясында ол кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, бойдағы қорқынышын да жеңе алғанын жеткізді.
“Бәрі оңай, әрі тез жүзеге асты дей алмаймын. Жеке кәсіп бастау үшін өздеріңіз білетіндей әжептеуір қаржы қажет-ақ. Осы қаржыны жинау да маған аздап қиындық туғызды. Құрал-саймандардан бөлек студияның қажетті жабдықтармен жасақталуына да біраз күш қажет болды.
Тағы бір айта кетерлік дүние – қала көлемінде сән салондарының көп болуына байланысты ыңғайлы орын табуға да көп уақыт кетті”, – дейді тырнақты әрлеу ісінің шебері.
Осылайша өзі көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін тынбастан еңбек еткен Айдана Бекетқызы төрт орындық “S.Aidana Nail” студиясын ашты.
“Мен үшін болашаққа жоспар құру – ең маңызды істердің бірі. “S.Aidana nail” студиясын төрт орындық етіп ашуымның себебі болашақта нұсқаушы ретінде сабақ берсем деген ойым бар. Алдағы уақытта студия жұмысын тырнақты әрлеуді оқыту мектебіне айналдырып, шәкірттер дайындағым келеді”, – дейді ол.
Айдана Смағұлова мемлекеттік грант қаржысына жеке студиясына қажетті тырнақты тазалайтын шаңсорғыш, бояуды кептіретін арнайы лампа және тырнақты әрлеуге арналған тиісті құрал-жабдықтарды сатып алыпты.
“S.Aidana nail” студиясында тұтынушыларға қажетті барлық жағдай жасалған десем болады. Мұндағы әрбір келушілердің денсаулығына тікелей жауап беретіндіктен, санитарлық нормаларды сақтауға аса қатты көңіл бөлеміз. Сонымен қатар, жұмыс барысында қолданылатын құрал-саймандардың дені үш сатыдан тұратын стирилизациялық тазалаудан өтеді. Сондай-ақ, әрбір келушілерімізге жеке-жеке бір реттік қолдануға арналған құралдар да бар», – дейді кәсіп иесі.
Бүгінгі таңда маникюр, педикюр қызметіне жүгінетін жандардың жетерлік екенін айтады кейіпкеріміз. Осы саладағы қаншама жылдық еңбегінің жемісі болса керек, бүгінде Айдананың тұрақты тұтынушылары да көп.
“Студияға келуші қыз-келіншектердің көңілінен шығатындай жоғары сапада қызмет көрсетуге тырысамыз. Қасымда тағы бір осы саланың маманы жұмыс істейді. Әрбір тұтынушының білдірген ризашылығы бізге қанат бітіреді. Жұмысымызды одан әрі жандандыра түсеміз.
Сондай-ақ үнемі өз саламның кәсіби білікті маманы болуы үшін осы бағытта біліктілігімді шыңдап отыруды аса маңызды деп есептеймін. Сондықтан да,қашан да ізденуден, қосымша дәріс алып, дамудан ешқашан шаршамаймын. Керісінше іздеп жүріп оқуға тырысамын”, – дейді жастық жалынмен жұмысын жүйелі атқаратын Айдана Бекетқызы.
Өз кезегінде Айдана Смағұлова “Бастау Бизнес” жобасына деген өзінің шексіз алғысын білдірді.
“Бастау Бизнес” қоғамның қолдау көрсетуге тиіс әрбір тобын түгелдей қамтуымен ерекшеленеді. Атап айтқанда бұл топқа өзім секілді жастармен қатар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көп балалы отбасылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың да кіретіні көңіл қуантады. Мемлекет қолдауын сезінген әрбір адам меніңше өз кәсібінен нәсібін теріп жеу үшін бар күш-жігерімен еңбек етеді. Солардың бірі өзіммін, – деген Айдана Смағұлова өзі атап өткен санатқа жататын жандарды “Бизнес Бастауда” бақтарын сынап көруге шақырады.
“Бастау бизнес” жайлы
"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады.
Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең.
“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:
- Жастар (29 жасқа дейін);
- Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
- Қандастар, қоныс аударғандар;
- Мүгедектігі бар адамдар;
- Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.
Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн.
2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз.
Дайындаған Гүлмира Садық