"Несиеге алған": Талдықорғанда екі жыл бұрын қолданысқа берілген көпқабатты үйді су басты
7 тамыз күні түнде орын алған жауынның салдарынан Талдықорғандағы жаңа көпқабатты үйдің бірнеше пәтерін су басқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
7 шағын ауданындағы 55 пәтерлі көпқабатты үй 2021 жылдың маусымында қолданысқа берілген. Тұрғындардың басым бөлігі пәтерлерін кепілдікке алған. Кеше, 7 тамыз күні болған жауынның салдарынан су барлық қабаттарға жетіп, үй жаңбыр астында қалды.
"Жауын қатты болған жоқ, ар кетсе жарты сағат шамасында жауған шығар. Әпкелерімнің бұл үйде тұрып жатқанына 2 жыл болып қалды. Жылдар бойы жинаған қаржысын банкке құйып, несиеге алған. Ал енді салған мердігер пәтерлерді жөндеп бермейміз дегенге келтірді" - дейді Майра Жаңылысқызы.
Жағдайдың мән-жайын Stan.kz тілшісі Талдықорған қаласы әкімдігінен білді. Шенеуніктердің айтуынша, мердігердің кепілдігі осыдан 2 ай бұрын аяқталып кеткен.
"Бұл үй 2021 жылы 30 маусымда пайдалануға берілді. Шарттық міндеттемелерге сәйкес мердігер ұйым пайдаланылатын құрылыс материалдарына және пайдалануға 2 жыл мерзімге кепілдік береді. Алайда мердігерлік ұйымның есебінен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мүмкін емес, өйткені кепілдік мерзімі 2023 жылы 30 маусымда аяқталды" - деп хабарлайды Талдықорған қаласының әкімдігі.
Енді барарға жер таппай отырған тұрғындар дабыл қағуда. Олар үйдің құрылысын жүргізген мердігердің ұяты болса су астында қалған азаматтарға қол ұшын созады деп сеніп отыр.