Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жан-жақтан оқ атылды": Талдықорғанда мейрамхана иесі қоршауда қалған полицейлер мен әскерилерге тамақ жеткізген

Белгілі қазақстандық блогер Александр Цой мейрамхана иесі Дәурен Талиповтың ерлігімен бөлісті. Кәсіпкер атылған оққа қарамастан ғимаратта қоршауда қалған полицейлер мен әскерилерге тамақ жеткізген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

талипов

Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздіктер 4 қаңтарда басталған. Ал келесі күні тәртіпсіздіктер қаланы толығымен қамтыған. 

"Қалалық полиция ғимараты зақымдалған, әкімдік өртеніп жатты. 101, 102 қызметтері жұмыс істемеді. Ғаламтор жоқ. Барлық мейрамханалар мен тамақтану орындары жабылды. Өрт сөндірушілер, әскерилер мен полицейлер өз ғимараттарында қоршауда тамақсыз қалды. Азық-түлік апару үшін ешкім өте алмаған", - деп сипаттады Александр Цой.

Дәурен Талипов қоршаудағы әскерилерге тағам жеткізуді ойлаған. Оның сөзінше, бұл туралы ешкім одан сұрамаған. Алайда ол әкімшілік ғимараттарды қорғаған азаматтардың аш екенін де естен шығармаған. 

Өз аспаздарына хабарласқан Дәурен тамақ дайындап, жеткізіп отырған. Қалада қоғамдық көлік пен такси жүрмегендіктен, көпшілігі жаяу жүрген. 

"Көлікке 400-500 ыдысты салып, қала бойынша тараттық. Алдын ала әскерилер және полицейлермен хабарластық. Себебі бізге ешкім оқ атпау үшін арнайы белгі қолдану керек болды", - дейді Дәурен Талипов. 

Кәсіпкер бастапқы екі күнде тамақты ешқандай кедергісіз жеткізе алған. Бірақ 8 қаңтар күні кешке Талипов аспаздармен бірге атыстың ортасында қалған. Бұл күні тергеу изоляторына 4 шабуыл жасалған.

"Барлық жақтан оқ атылды. Ол жерден үлкен жылдамдықпен кетпек болғанда, бізді көлікпен соқты. Қылмыскерлер деп ойласа керек. Көлігімде әйел аспаз отырған. Қатты соққыдан есімізден танып қалдық, тек ауруханада ес жинадық. Жедел жәрдемді ешкім шақырмаған екен. Жолымыз болып, жақын маңда адамдар өтіп бара жатыпты. Олар бізді өз көліктеріне отырғызып, стационарға алып барған", - деді Дәурен Талипов. 

Әйел аспаз бен өзіне бірнеше ота жасалған. Қазір ауруханада, денсаулығы жақсарып келеді. 

Талқылау