Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда мемлекеттік нысандарды басып алушыларға 20-100 доллар аралығында төленген – Бас прокуратура

Алматы облысында мүлікті қиратып, мемлекеттік нысандарды басып алуға қатысушыларды қаржыландырғандар анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қаңтар оқиғасы

"Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапқа тартуға қатысты тергеу белсенді жүргізіліп жатыр. Алматы облысында "О" және "Н" есімді азаматтар анықталды. Олар Талдықорған қаласында қиратулар, мүлікті жою және мемлекеттік нысандарды басып алуға қатысқандарды қаржыландырған. Әрбір қатысушыға 20-дан 100-ге долларға дейін төленген", - деді Қилымжанов.

Оның айтуынша, бұл фактілер тергеу барысында анықталды. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен ұсталғандар мұны растаған.

"Жамбыл облысының тұрғыны 2022 жылдың 4 қаңтарында Алматыда болып, Telegram арна ашқан. Оған санаулы сағаттарда бірнеше мың қатысушы жазылған. Осы арна арқылы бөгеттер құру, "Молотов" коктейлін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру үшін толық нұсқаулық беріп отырған", - деді ол.

5-6 қаңтарда сол арна арқылы қиратушылардың қозғалысы және олардың Жамбыл облысының мемлекеттік нысандарына жасаған шабуылдары туралы ақпарат таратылған. Елдос Қилымжанов күдіктінің анықталып, қазіргі уақытта қамауда отырғанын мәлімдеді.

"Осы өңірде "ГАЗель" автокөлігінің жүргізушісі "С" және оның жақтасы "К" есімді тұрғындар анықталды. Олар көлікпен жүріп, алдын ала дайындалған арматураны, ұрланған полицияның қалқандары мен бронды кеудешелерін таратқан. Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерлерінің жүруін қиындату мақсатында автокөлікті жолдарды жабу үшін қолданған", - деді ол.

Сондай-ақ, Алматыда 4 күдікті ұсталды. Олар әлеуметтік желілер арқылы арматура кесінділерін дайындап, ойрандатушыларға дейін жеткізу туралы нұсқау алған.

Назархан Уән
Сейсенбі, 19 Сәуір, 2022 12:19
Талқылау