Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда ер адамды қарақұрт шағып, жансақтау бөліміне түсті

Фото: Видеодан скрин/Instagram.com/krisp.tdk

Жетісу облысының тұрғындары өңірде қарақұрт қаптағанын айтып дабыл қақты. Талдықорғанда ер адамды қарақұрт шағып, науқас жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушысы талдықорғандықтарды барынша сақтанып жүруге шақырды.

“Қарақұрттар қаптады. Бүгін менің күйеуімді қарақұрт шағып алды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр”, – деді видео авторы.

Болған жағдайды Жетісу облысының денсаулық басқармасы растады.

“1984 жылы туған науқас 2025 жылғы 7 маусымда қарақұрт шақты деген күдікпен Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Толық тексеруден кейін науқасқа қарақұрт уына қарсы сарысу енгізілді. Қазір науқас жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Науқастың жағдайы бірқалыпты, тұрақты”, – деп мәлімдеді ведомство.

Сондай-ақ басқарма аймақтағы медициналық мекемелер қарақұрт шаққаннан зардап шеккендерді дер кезінде емдеуге қажет дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Жергілікті тұрғындар қаланың орталығында да, шеткі аудандарында да қарақұрттар қаптап жүргенін айтты. Тұрғындар аулада ойнайтын балалалары үшін алаңдайды.

“Ынтымақта өте көп. Есік алдынан 20 шақтысын өлтірдік. Кішкентай балаларымыз бар, сұмдық! Бұларды дәрілемей ме?”, “Бүкіл Талдықорғанды дәрілеу керек”, “4-қабатта тұрамыз, үлкен қарақұрт өлтірдік”, “Әкімдік қайда қарап отыр, дәрілемей ме?!”, “Үш апта бұрын әкемді шағып алды. Жағдайы ауыр болды. Шүкір, қазір беті бері қарады”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.

Сондай-ақ ол жергілікті әкімдіктен қаланы дәрілеп, шара қолдануын талап етті.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 15:25
Талқылау