"Талдықорғанда бір ай бойы ыстық су болмайды": Әкім себебін түсіндірді
Талдықорған әкімі Ернат Бәзіл қала бойынша қыркүйек айының соңына дейін ыстық судың өшірілуіне байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
6 қыркүйектен бастап Талдықорған қаласы бойынша бір айға жуық уақытқа ыстық су өшірілді. Бұл жаңалық қала тұрғындарының арасында үлкен дау тудырды, осыған байланысты қала әкімі тұрғындардың шағымдарына жауап беруді жөн деп тапты. Әкімнің айтуынша, жауапты мердігердің кесірінен осындай шешім қабылданған.
"Сәуір айында мердігер жұмысқа кірісіп кетуі керек еді, міне, мамыр, маусым, шілде, тамыз бойы ештеңе атқарылмады, біз уақыт жоғалттық. Жыл сайын ыстық су тамыз айында өшірілетін, бірақ биыл біз оны бүгіннен бастауға мәжбүрміз. 21 күн деп әдейі артығымен алып отырмыз, бірақ екі аптадан кейін ыстық суды кезең-кезеңімен беруді бастаймыз", – деді қала әкімі.
Бірінші кезеңде қала билігі Талдықорғанның жаңа және орталық ықшам аудандарында су беруді жоспарлап отыр, одан кейін облыс орталығының шеті қамтылады.