Талдықорғанда 3 жасар баланы ұрып өлтірген қыз 10 жылға сотталды
Талдықорғанда үш жасар баланың өліміне себепші болды деп айыпталған 24 жастағы қызға қатысты жабық сот отырысы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2022 жылдың қыркүйек айында Талдықорған тұрғындарын “күтушісі ұрып өлтірді” деген үш жасар баланың өлімінің мән-жайы алаңдатқан болатын. Кейін қылмыстық іс материалдарында күдікті ретінде күтуші әйелдің өзі емес, оның 23 жастағы қызы екені белгілі болды. Қоғамда наразылық тудырған фактіні ескере отырып, тергеу жұмыстары ерекше бақылауға алынды.
Жетісу облысының полиция департаменті тергеу Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сотталушыға үкім шығарылды, сот шешімі апелляциялық сатыда қаралып жатқандықтан заңды күшіне енген жоқ.
"Жеңілдететін мән-жайлар – соттылығының жоқтығын, шын жүректен өкінгенін, жәбірленушінің кешірім бергенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады", – деді Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі.