Талдықорғанның "Жастар-2" шағын ауданына газ тартылды
Республика күні қарсаңында Талдықорған қаласындағы "Жастар-2" шағын ауданына газ берілді. 2022 жылы құрылыс жұмыстарын бастаған "Рем строй" ЖШС бүгінде жобаны толық аяқтаған. Енді мұндағы екі мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Салтанатты түрде атап өтілген іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады. Қанағатов тұрғындарды облыс көлемінде атқарылып жатқан газдандыру шаралары жайлы хабардар етті. Өз кезегінде қала әкімі жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына кеңінен тоқталды.
"Жастар -2" шағын ауданында 22 шақырымға газ құбыры тартылып, оған 295 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Сөйтіп 526 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік жасалып отыр. 2025 жылға дейін қаланың барлық аймағына газ тартып бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы "Жастар-2" тұрғын үй алабының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады", - деген Бәзіл ауыз су, жол жөндеу, көшені жарықтандыру сияқты салаларда атқарылған жұмыстар мен жоспарлар жайлы айтып берді.
Инфрақұрылымды дамытудың маңызды кезеңі ретінде газ қосу рәсіміне қатысқан жұртшылық қуаныштарын жасырмады. "Жастар –2" шағын ауданының тұрғыны Бақыт Жаңабаева көпшіліктің атынан алғыс айтты.
"Бүгін ауылымызға көгілдір отын келгеніне қуаныштымыз. Бұрын көмір жағатынбыз, енді үйімізге газбен бірге жайлылық, жылылық келді. Келесі жылы мектеп құрылысы басталғалы жатыр. Көшелерімізді жөндеу де жоспарға енгізілді. Шағын ауданымыз көркейе берсін!" – деді ол.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Талдықорған маңындағы елді мекендерді қарқынды түрде газға қосу одан әрі жалғасады. Мәселен, бұған дейін "Үйтас" саяжайына газ берілсе, биыл "Ынтымақ" жеке тұрғын алабының 9500-ге жуық тұрғыны және Талдықорған қаласының ішінде қалған учаскелердегі 585 тұрғын газға қолжеткізеді деп жоспарланған. Ал келесі жылы Мойнақ ауылына газ құбыры тартылып бітуі тиіс. Сол сияқты қала маңындағы 8 саяжайға, яғни "Қаратал", "Қызылтас", "Мереке", "Балықты", "Сарыбұлақ", "Алмалы", "Ащыбұлақ", "1-ші бөлімше" тұрғын алаптарын газдандыру жобаларының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Тағы бір айта кетерлігі, ертең Қаратал ауданында Кәлпе және Оян ауылдарына газ беріледі.
Жалпы жоспар бойынша 2025 жылға дейін облыстың Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендері толық газдандырылуы тиіс. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100%-ға жетеді немесе 192 елді мекенді қамтылады деп межеленіп отыр. Бүгінгі күні облыста 288 мың адамға газға қосылуға мүмкіндік жасалған, бұл халықтың 41,2%. Жыл соңына дейін жоспарланған 20 шақты жоба толық аяқталғанда, бұл көрсеткіш өсе түспек.