Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорған мен Өскемен арасындағы трасса ақылы болатынына жүргізушілер қарсы шықты

Көлік министрлігі бұл шара кезең-кезеңімен жүзеге асатынын айтады. Құрылысы бес жылдан бері жүргізіліп жатқан күре жол әлі толық аяқталмаған. Ал жүргізушілер транзиттік дәліздің көп бөлігі екі жолақты екеніне және жүк көліктері үзілмейтініне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Жүргізушілердің айтуынша, жолды айналып өтеміз деген машиналар жол апатына жиі түседі. Сондықтан жолдың ақылы болатынына көлік иелері үзілді-кесілді қарсы. 

Республикалық маңызы бар трасса құрылысының созылғанына бес жылға жуықтады. Жүргізушілер жол тегіс болғанымен, өте тар екенін айтады. Соның кесірінен жол апаты да жиілеген.

"Қатар-қатар 5 фура жүреді. Одан озып шығамын деп, үлгере алмайды. Сөйтіп жол апаты көп болады. Үлкен трасса болу керек еді. Білмеймін, неге екі жолақ жасап қойды. Оның өзі де тар. Қыстың күні тіпті қиын", – деді Руслан Байжанбаев. 

Айта кетейік, Алакөл – Ресейге қатынайтын транзиттік дәліз. Сондықтан жүк көліктері күні-түні ағылып жатады. "Қазавтожол" компаниясының өкілдері тас жол биыл толық пайдалануға беріледі деп сендірді. Қазір жол белгілері қойылып, сервисті дамыту жұмыстары қолға алыныпты. Тәулік бойы істейтін дүкен, дәретхана салынып, кәсіпкерлерге берілген.  

Жетісу облыстық "ҚазАвтожол" филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев жаз мезгілінде шомылу маусымына баратындар көбейетінін айтты.

"Жаз мезгілінде Алакөл және Балқаш көлдеріне баратын туристердің өзі жүрген уақыттың өзінде автомобиль саны 5 мыңға жетпейді тәулігіне. Сол себепті әлі де бірінші категориялы 4 жолақты жолға тартпайды. 2 ай ғана шомылу маусымы болады. Туристердің  қатынауы ұлғаятын мерзім", – деді жүргізуші Нұрхат Ақылтаев.



Жауапты министрліктің мамандары республикалық маңызы бар жол ақылы болатынын жеткізді. Әзірге қанша шақырымы, қай уақыт үшін жүргізушілердің ақша төлейтіні белгісіз. Ал көлік иелері бұған түбегейлі қарсы. 

"Жолдың ақылы болғанына қарсымыз. Дұрыс емес ол. Қалай бала-шағамызды асыраймыз деп жүргенде. Онсыз да жол апаты көп. Ең бірінші жолды дұрыстап жасасы. Онда бізге жағдай жасап берсін. Соның барып төлеуге болады", – деді жүргізуші Асхат Садықов.

Бүгінде елімізде 3 мың шақырымдай жол ақылы екен. "Қазавтожол" кассаға құйылып жатқан ақшаны жол күтіміне жұмсаймыз деп талай мәрте айтқан еді. 

Еске салайық, бұған дейін Көлік министрлігі Қазақстандағы ақылы жолдар тізімін жариялаған еді. 2024 жылы жолдың 11 учаскесінде, ал 2025 жылы жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым болатын тоғыз учаскеде жол жүру ақылы болмақ.

Талқылау