Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік талапкерлердің өтініші бойынша ҰБТ-ға енгізілмек болған өзгерістерден бас тартты

Ғылым және жоғары білім министрлігі болашақ талапкерлердің өтінішін тыңдап, 2024 жылғы ҰБТ-ға жоспарланған жаңашылдықтардың бірін алып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: bilimdinews.kz

ҰБТ-2024 кезінде бейіндік пәндерді біріктіру жоспары болған. Мысалы,"коммуникация және коммуникациялық технологиялар", "Математика және статистика", "Электротехника және автоматика" мамандықтары бойынша талапкерлер үшін тестілеу кезінде "Математика - Физика" пәнімен бірге  "Математика - Информатика" бейіндік пәндер комбинациясы енгізілмек болған. 

"Алайда осы мамандықтарды болашақ мамандығы ретінде таңдаған көптеген талапкерлер "Математика – Физика" мамандандырылған пәндер комбинациясын қалдыруды өтінді, өйткені олар оған дайындықты бастап кеткен. Осылайша, біз сіздердің тілектеріңізді ескеріп, өзгерістерді енгізбеу туралы шешім қабылдадық. ҰБТ-ға дайындықты "Математика – физика" пәндері бойынша жалғастыра берсеңіздер болады", - деді министр.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек оқу жылының басында ұлттық тестілеу орталығының сайтында әдебиеттер тізімі мен тапсырмалар құрастырылған тест сұрақтары жарияланғанын еске салды.

Атап айтқанда, "Қазақстан тарихы және "Дүние жүзі тарихы" пәндері бойынша 100 тарихи даталардың тізімі, "Информатика" пәнінің терминдер тізімі, "Қазақ әдебиеті" және "Орыс әдебиеті" бойынша әдеби шығармалар тізімі мен онлайн тестілеу сынақтары бар.

Талқылау