"Күйеуіме арманым ішімде маза бермей жатқанын айттым": Бокстан Қазақстан чемпионы атанған бес баланың анасы жеке өмірі туралы айтты
 Фото:Olympic.kz
Фото:Olympic.kz
Боксшы, бес баланың анасы Айгерім Сәттібаева жуырда Семей қаласында өткен ел біріншілігінде 48 келіде бақ сынап, араға 15 жыл салып Қазақстан чемпионы атанды. Осыдан кейін Stan.kz тілішісі боксшының өзіне хабарласып, ел чемпионаты қалай өткенін сұрап білді.
Спортшы сұхбат барысында боксқа байдың балалары келмейтінін, ал талантты боксшылар қаржылай қолдау аз болғандықтан отбасын асырау үшін боксты тастап кетуге мәжбүр болатынын айтты.
– Айгерім, жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Араға 15 жыл салып Қазақстан чемпионы атанып отырсыз. Ел чемпионатындағы жекпе-жектеріңізге тоқталайықшы. Қайсы жекпе-жегіңіз қиынға соқты?
– Рақмет! Жекпе-жектің барлығы жоғарғы деңгейде өтті. Қазақстан чемпионатында оңай қарсылас деген болмайды. Ешкім осал болып шықпайды. Барлығы тыңғылықты деңгейде дайындалған. Барлығы да – тәжірибелі боксшылар. Өткізген барлық бәсекелерім де тартысты өтті.
– Қазақстан чемпионатында жолдасыңыз сіз сұхбат берер кезде өзінің киімін беріп, сізге ерекше қолдау көрсетті. Сіздің қайта рингке оралуыңызға көзқарасы қандай? Қарсы болған кездері болған жоқ па?
– Олжас екеуіміз бір залда өстік. Мен он екі жаста болғанда, әкем мені бокс залына апарды. Балалық және жастық шағымыз бірге өтті. Жолдасым қарсы болған кездер де болды. Өзі бокспен айналысып жүрген уақытта менің бұл спортты тастауыма әсер етті. "Мені қолда, мен Олимпиадаға дайындалып жатырмын" деді. Сол кезде амалсыздан боксты қойдым. Үйде отырып, балаларды дүниеге әкелдім. Олжас спорттық мансабын аяқтаған соң, сол кезде мен оған "Сен мансабыңды аяқтадың, бірақ менің арманым қалып қойды. Қайтадан бокспен айналысқым келеді" дедім. Ол бетімді қақпай, керісінше қолдау көрсетті. Өзі мені дайындады. Екеуіміз де спортшы болған соң, бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Екеуіміз ерлі-зайыпты ғана емес, доспыз.
– Бір сұхбатыңызда жолдасыңыз Олжас Сәттібаев боксты ерте тастап кеттім, деп өкінеді дегенді айтқан екенсіз. Қазіргі таңда сол өкініштің орнын толтыруға кеш шығар. Әлі де өкініш бар ма?
– Болар іс болды, өкінбеу керек дейді ғой. Бірақ ерте боксты тастадым деп өкінетінім рас. Жолдасым Олжас Олимпиададан оралғаннан кейін сол кезде облысымызда қолдайтын адамдар болған жоқ еді. Өйткені ол уақыттарда үшінші балама босанып отырған кезең болды. Сол кездері жас отбасы болған соң кішкене қолдау керек болғаны рас. Алайда облыс тарапынан қолдау болған жоқ. Олимпиадада Олжас негізі ұтылмады. Дегенмен жеңісті қарсыласына берді. Сол бір уақыттарда өзге облыстарда спортшыларды күтіп алып, қолдап қаржылай қолдау көрсетті. Ер азаматтар бәрібір отбасын асырау керек деген сияқты. Сондай қолдау болмаған соң Олжас та қолын бір сілтей салды. Олимпиадада жеңісін тартып алған соң Олжас ренжіп келді. Сол кезде қолдап, ақылын айтып боксты тастама, біз сені қолдаймыз, жаттығуыңды жаса, айлығыңды төлейміз, бала-шағаңды бағасың деп кішкене қолдау көрсеткенде бәлкім Олжас боксты тастамайтын ба еді?! Себебі басқа облыстарда талай спортшыларды қолдағанын көрдік, байқадық.
– 48 келі салмақта басты фавориттердің бірі – Назым Қызайбай. Бұған дейін өзіңіз бұл салмақта екінші нөмірдегі боксшымын деп айтқан едіңіз. Әрбір спортшы ірі халықаралық додаларда бақ сынағысы келетінін ескерсек, болашақта Назыммен спарринг өткізуге дайынсыз ба?
– Қазір біз бір салмақта емеспіз. Қазақстан чемпионатынан кейін мен – 48 келіде бірінші нөмірдегі боксшымын. Назым бұл салмақта жүрген кезде мен ел біріншілігіне қатыспаған едім. Олимпиадалық салмаққа ауысу ойымда жоқ, себебі ол мен үшін ауыр. Ауысқанның өзінде физикалық тұрғыда мықты болмаймын. Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбековалар физикалық тұрғыда менен ірі. Осы Қазақстан чемпионатында Назым Қызайбай маған ерекше қолдау көрсетті. Сонымен қатар Алуа Балқыбекова да менің тараздық сіңлім. Екеуі де екі жақтан қолдап, маған сәттілік тіледі. Мен оларды, олар мені қарсылас көрмейді. Бізде сыйластық ерекше.
– Бір кездері әйелдер құрамасында келіспеушіліктер жиі болды деген әңгіме айтылатын. Қазір қыздар арасында ауызбіршіліктің жоғарылағаны ерекше байқалады. Бұған не әсер етті деп ойлайсыз?
– Біз бұрыннан бері Назым және Алуалармен басқа да құрама сапындағы қыздармен тату болдық. Сіз Ангелина Лукас кезіндегі жайттарды айтып жатқан шығарсыз. Мен ол кезде құрамада болмадым. Декретте болдым. Шыны керек нақты не болғанын өз көзіммен көрмедім. Ал қазір құрамаға жастар қосылып жатыр. Олар өте тәрбиелі. Сонымен қатар бұл жерде бас бапкер Елдос Сайдалинге алғысымызды айтуымыз керек. Жастарға "үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіңдер" деп дұрыс тәрбие, бағыт бағдар көрсетіп жатыр.
– Былтыр Таиландта өткен Азия чемпионатында өзбек қызы Феруза Казаковаға есе жібердіңіз. Сол жекпе-жекке қатысты даулы пікірлер айтылды. Сіз төрешілердің шешімімен келісесіз бе?
— Иә, бірінші раундта маған әділ баға берілмеді деп ойлаймын. Өзбек және қазақ боксшыларының арасында ерлердің арасында бәсеке жоғары. Дегенмен қыздар да тәжірибе жинаған. Бірақ біздің қыздарымыз салыстырмалы тұрғыда әлдеқайда деңгейлері жоғары. Бұған басты дәлел: өткен Әлем чемпионаты, тағы басқа додалар. Қазақ қыздарының қатарында Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, үш және екі дүркін әлем чемпиондары бар. Ал өзбек қыздарында бірде-бір алтын болған жоқ.
– Бес баланың анасысыз. Үлкен отбасы мен спортты қатар алып жүрудің қиындығы қандай?
— Әрине, кейде қиын сәттер болады. Бірақ мені ата-анам, ата-енем және жолдасым барынша қолдайды. Балаларым да ержетіп қалды. Ең кішісі алты жаста. Барлығы оқуда. Таңертең кетіп, кешкі уақытта демалуға бір-ақ келеді. Сондықтан қазір маған жеңіл. Тұңғыш қызым қазір 9-сынып оқиды, жасы 14-те. Қызым да бауырларына қарасып көмектеседі.
– Балаларыңыздың ішінде Дінмұхаммедтің боксқа бейімі бар екенін айтыпсыз. Ал қыздарыңыз бокспен кәсіби түрде айналысамын десе, қарсы болар ма едіңіз?
– Жоқ, қарсы болмаймын. Ең бастысы өздері қалауы керек. Менің қыздарым бокстан кішкене алыстау, көбіне өнерге жақын. Үлкені актриса болғысы келеді. Басқа қыздарым би билегенді, сурет салғанды ұнатады. Бізде Димаш ұлым ғана боксқа қызығады.
– Әлем чемпионы болуға мүмкіндігіңіз бар ма, қалай ойлайсыз?
– Әлем чемпионы болуға мүмкіндігім бар еді. Алайда ол үшін көп еңбек пен шыдам керек. Сабыр қажет болады. Мен бала-шаға, отбасымды тастап, оқу-жаттығу жиындарына баруыма тура келеді. Ол оңай дүние емес. Мен бес баланы дүниеге әкеліп, қайта спортқа оралуымның өзі бір “ерекше” жағдай болды. Маған осыдан біраз жыл бұрын бес баланы дүниеге әкеліп, Қазақстан чемпионы боласың десе, сенбес едім. Алла бұны менің еңбегіме сай сый ретінде берді деп ойлаймын. Мүмкін осы бес баланың несібесі шығар.
– Мансабыңызды аяқтаған соң бапкерлік қызметіңізді жалғастырасыз ба?
– Иә, бұйырса, жалғастырамын. Өйткені біздің бүкіл өміріміз спортпен байланысып кетті. Менің ойымша, әр адам өзіне ұнайтын іспен айналысуы керек. Егер бапкер болмасам, спорт саласында қаламын деген ойым бар. Жалпы спортты дамытып, қолдағым келеді. Мысалы, өз облысымда қыздарға ерекше қолдау көрсеткім келеді.
– Жамбыл облысы боксты қаншалықты деңгейде қолдайды?
– Шыны керек, бізде қаржы жағы сәл қиындау болып тұр. Өзіміз чемпион атанып, үлкен додаларда жеңіске жетіп, Жамбыл облысындағы боксты дамытуға, бізден кейінгі спортшыларға жол ашып, олардың жолын жеңілдетуге атсалысқым келеді. Жамбыл жерінен талай Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлер шыққан. Мысалы, көп алысқа бармай-ақ қояйық, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, Елдос Сметов, Олимпиада ойындарының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров сынды көп таланттар шыққан киелі өңір. Өзім бапкерлік еткен кезде Таразда өте дарынды спортшылардың көп екеніне көзім жетті. Сондықтан спортшыларды дұрыс қолдау қажет. Қазір заман қиын. Егер қаржылай қолдау болмаса, спорттан кетуге мәжбүр боласың. Мысалы, кейбір боксшы қыздар даяшы болып кетеді. Боксқа жағдайы бар, байдың баласы келмейді. Керісінше, өз еңбегімен жетуді мақсат еткен қарапайым отбасынан шыққан қыз-жігіттер келеді. Бірақ олар оқу бітірген соң ата-анасы үнемі ақша беріп тұра алмайды ғой. Осындай кезде, әсіресе облыста қаржы тапшылығы болғанда, көбі спортты тастап кетуге мәжбүр болады. Өйткені жас боксшы бірден Қазақстан чемпионатын жеңе алмайды. Ондай жағдай мыңнан бір рет қана кездеседі. Жас спортшыларға кемі екі-үш жыл тәжірибе жинап, құрама сапында шыңдалу керек. Мысалы, мен өзім Қазақстан чемпионатында талай мықты қыздарды жеңдім, себебі тәжірибем көбірек болды. Бірақ сондай талантты қыз-жігіттерді спорттан айырмау керек. Бір өкініштісі, олар күнкөріс үшін басқа жұмысқа кетеді: қыздар даяшы, жігіттер күзетші болып істейді. Өйткені отбасын асырау керек, ал 18-ге толған соң студенттердің оқу ақысын да төлеу қажет. Қазір бәрі ақылы, сондықтан көбі спортты тастап кетеді.
Егер сол жастарды спорттан кетірмей, қаржылай қолдау көрсетіп, айлыққа қойса, “сен спортты тастама, тәжірибе жина, алда топ жаруға мүмкіндігің бар” деп қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда олар спорттан кетпей, жаттығуын жалғастырып, тұрақты табыспен болашақта үлкен жетістіктерге жетер еді. Шыны керек, қазір көптеген болашағынан үміт күттіретін нағыз талантты боксшылардан айырылып қалып жатырмыз. Спортты шын жүректен қолдайтын, жанашыр, қалталы азаматтар болса екен деймін. Бәрін емес, бірақ көзі оттай жанып тұрған жастарды қолдап, демеу көрсетсе, үлкен нәтиже болары сөзсіз. Менің арманым – болашақта осындай шын таланттарды қолдау. Әрине, ол үшін алдымен өзім көтерілуім керек. Өз облысыма жаны ашитын адам ретінде, Жамбыл спортының өркендеуіне үлес қосқым келеді.
Сұхбатыңызға рақмет!
Авторы: Ақерке Өмірхан
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
