Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талабы "Болашақтан" қиын: ҚазҰУ магистранттары шетелде тағылымдамадан өтудің талаптары күшейгеніне наразы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранттары тиісті шетелдік тағылымдамадан өту талаптары күшейіп, соның салдарынан қалаған оқу ордасынан тәжірибе өту мүмкіндігінен қағылдық деп наразылық білдіруде. Белгілі болғандай, енді шетелдік тағылымдамадан өту үшін IELTS емтиханынан 6 баллдық сертификат пен  білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда (KKCOH) ғылыми мақалалардың жариялануы талап етіледі екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айтуларынша, қазір білім алушылардың шетелге шығуына қойылатын талап мүлде өзгеріп, қатаңдап кеткен. Ал бұған дейін оқу орнында аталған талаптар жүйесі болмаған.

Енді шетелдік тағылымдамадан өту үшін IELTS (ағылшын тілін білуді бағалаудың халықаралық жүйесі) тестінен 6 баллдық сертификатының болуы және GPA (аттестат немесе дипломдағы орташа баға) 3.75-тен төмен болмауы керек екен. Сонымен қоса білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда (KKCOH) ғылыми мақаласы жариялануы тиіс көрінеді. Олардың айтуынша, мұндай талап тек – ҚазҰУ-да. Магистранттар сұрастыра келе басқа ЖОО магистранттарының шетелдік тағылымдамадан ҚазҰУ қойып отырған талаптарсыз-ақ барып, өтіп келгенін білген. 

Сонымен қатар 2023 оқу жылына дейін оқыған магистранттар бұндай талаптарсыз шетелде тағылымдамадан өтіп жүрген.

“ҚазҰУ университетіне магистратураға түсудегі басты себептерімнің бірі – тағылымдаманы шетелдік оқу орнынан өту еді. Естуімше бұрын бұл процесс оңай жүзеге асырылып келген. Алайда биылдан бастап талаптар жоғарылапты. Меніңше, бұл – магистранттардың құқығын шектеу. Себебі басқа жоғары оқу орындарында мұндай талаптар жоқ. Қазір бізге басқа ЖОО-ларда оқитын таныстарымызға қызыға қараудан басқа шара жоқ. Өкінішті”, –деді атын атамауын өтінген ҚазҰУ-дың 2-курс магистранты.

Олар ҚазҰУ-дың талабы “Болашақ” бағдарламасының іріктеуінен қиын екенін айтады.

“Осыған дейін барлық магистранттарға қолжетімді болып келді, бірақ биыл жібермейді. Талаптары “Болашақ” бағдарламасы арқылы шетелдік университетте оқудан қиын. “Болашақ” арқылы оқып, ай сайын 1750 доллар шәкіртақы алу үшін IELTS пен қазақ тілі сертификаты талап етілсе, ҚазҰУ арқылы екі апта тәжірибеден өтіп, 300 мың жолақы алу үшін IELTS-пен қоса, ғылыми мақалалардың жариялануы, ғылыми жобаларға қатысу міндетті екен. Салыстырмалы түрде бұл әрине қиын. Ең болмаса, ағылшын тілі деңгейіне қойылатын талапты төмендетіп немесе ғылыми мақаланы міндеттеуді алып тастағаны жөн деп санаймын”, – деді ҚазҰУ магистранты (атын атамауды өтінді).

Stan.kz тілшісі бұл жағдай бойынша ЖОО-ға сауал қойып, биыл талаптардың не себепті өзгертілгенін сұрады.

Қазақ ұлттық университеті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тағылымдаманы Қазақстанда өтуге болады, шетелдік ұйымда өту міндетті емес. Олар тек жоғарыда аталған талапқа сай, үздік магистранттар ғана университеттің қаржыландыруымен шетелдік ұйымда тағылымдамадан өте алатынын мәлімдеді.

“Шешімдерді университет қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер негізінде қабылдайды.  Академиялық ұтқырлық туралы ереже және магистратура туралы ереже негізінде магистранттардың шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтуіне осындай талап қойылды”, – деп мәлімдеді ҚазҰУ әкімшілігі.

Магистрантқа шетелдік ғылыми тағылымдамадан екі апта өткені үшін 300 000 теңге бөлінеді. Ал Қазақстандағы ұйымдарда өткендерге ұсынылған сметаға және бекітілген нормаларға сәйкес беріледі.

“Бұл талаптар магистранттардың құқықтарын шектемейді, керісінше олардың үлгерімін арттыруға, тілдік құзыреттілікті дамытуға және ғылыми қызметпен айналысуға ынталандырады”, – деп жауап берді ЖОО баспасөз хатшысы.

Университеттің мұндай талабы қаншалықты заңды екенін Stan.kz тілшісі ғылым және жоғары білім министрлігінен сұрап білді. Министрліктің мәлімдеуінше, міндетті ғылыми тағылымдамаға қосымша талаптарды  енгізуге әр ЖОО құқылы.

“Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысы шеңберінде магистрант инновациялық технологиялармен және өндірістің жаңа түрлерімен танысу үшін ғылыми ұйымдарда ғылыми тағылымдамадан өтуге міндетті. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында тағылымдамадан өтуге жалпыға ортақ минимальді талаптар көрсетілген. ЖОО-лар ғылыми-зерттеу жұмыстары, оның ішінде міндетті ғылыми тағылымдамаға қосымша талаптарды енгізуге құқылы”, – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.

Мәлімдеуінше, магистратура және докторантура білім беру деңгейлері бойынша тағылымдамалар мемлекеттік білім беру гранттары шығыстарының құрылымына кірмейді.

Талқылау