Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таиландтағы жер сілкінісі: Қазір елде 4,5 мың қазақстандық бар

Таиландта жүрген Қазақстандық туристердің саны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Reuters

"Туристік Қамқор" қорының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Таиландта шамамен 4,5 мың қазақстандық турист бар. Қор өкілдері сондай-ақ, жер сілкінісі болған Бангкокта қазақстандық туристердің жоқ екенін атап өтті.

"Бангкокта біздің туристеріміз жоқ деуге болады. Қазір жалпы 4,5 мың адам Таиландта, олар арнайы туристік пакеттермен кеткен туристер. Алаңдауға негіз жоқ. Туристер оларды жіберген компаниялар тарапынан бақылауда болады", – деді қор өкілдері.

Қазіргі уақытта, туристер көмек сұрап жүгінбеген. Турларды ауыстыру немесе турлардан бас тарту туралы өтініштер түспеген.


 

"Балабақшадағы ұлымызға асықтық": Бангкок тұрғындары жер сілкінісі қалай болғанын айтып берді


"Бізге көмек сұрап ешкім келген жоқ, сондай-ақ мерзімдерді өзгерту немесе ауыстыру туралы талаптар да түскен жоқ. Егер жағдай қиындап, туристердің өміріне қауіп төндіретін болса, туроператорлар сатылымды және рейстерді тоқтатады", – деп атап өтті қор өкілдері.

Бұл сапарларға жауапты туроператорлар жағдайды мұқият бақылап, туристерге қажетті көмек көрсетуде.

"Бірінші кезекте, Таиландтағы жағдайды осы елге турларды ұйымдастырған туроператорлар бақылап отыр. Олар курорттардағы жағдайды бақылап, қажетті ақпаратты ұсынуда", – деді қор өкілдері.

Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді. Қазір адамдар эвакуацияланып жатыр. Әлеуметтік желіде кран орнатылған биік ғимараттың құлап, үлкен шаң бұлты көтерілгені, ал адамдардың айқайлап, жан-жаққа қаша бастағаны көрсетілген видеолар тарады.

Талқылау